«Коронавирус жұқтырып алғанымды отбасыма айтпадым»: Оралдық инфекционист дәрігер вирустан қалай айыққанын айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Оралдық инфекционист дәрігер Әділбек Нұрымбет жұмыс барысында коронавирус жұқтырып алған. 24 күн бойы ауруханада ем алып, вирустан әрең айығыпты. Айтуынша, мұндай қауіпті әрі қорқынышты ауруды бұрын-соңды көрмеген. Алғашында екі күн бойы басы тоқтаусыз ауырып, дене қызуы көтерілген. Тәбеті болмай, бес күн бойы тек су ішумен болыпты. Коронавирус жұқтырып алған дәрігер вирус туралы және одан қалай айыққанын Stan.kz сайтының тілшісіне әңгімелеп берді. 

–    Әділбек, науқастардың жағдайын ойлап жүргенде коронавирус жұқтырып алған екенсіз. Қандай күйде болдыңыз?
–    Коронавируспен ауырғанда ешнәрсе ойлай алмадым. «Бір жерің ауырса, жаның мұрныңның ұшына келеді» дейді ғой. Ал барлық жерің ауырғанда не істеріңді білмей қалады екенсің. Жаныңды қоярға жер таппайсың. Өмірімде алғаш рет осылай қатты ауырдым. Мұндай ауруды әлі көрген емеспін. Сөзбен жеткізе алмаймын. Ауруға берілмеуге тырыстым. Жатсам да, тұрсам да су іше бердім.
 

–    Коронавирус сізде қалай басталды? Қалай жұқты?
–    Сәуір айының аяғына қарай Оралда коронавирус көбейіп кеткенін айтып, науқастарды емдеуге шақырды. Өзім инфекционист болған соң, науқастарға қарау борышым. Бармай тұрып COVID-19-ға анализ тапсырғанымда таза шықты. Сөйтіп жұмысқа кірісіп кеттім. Коронавирустан сақтанудың барлық алгоритмін орындап, қорғаныс киімдерін киіп жүрдік. Бірақ сәуірдің аяғында бірнеше медициналық қызметкерлердің коронавирус жұқтырғаны анықталып, менен де тест алған. Таза болып шықты. Олармен тікелей қатынаста болғанымыз үшін бізді де провизорлы стационарға жатқызды. Үш күн өткенде дене қызуым 37.3 градусқа көтеріліп, басым қатты ауырды. Басында телефонға көп қарағаннан болар деп ойладым. Онымен қоса белім, буындарым қатты ауырды. Түнімен ұйықтай алмай, құсып шықтым. Ертеңіне коронавирусқа анализ тапсырып, жұқтырып алғаным белгілі болды. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам 5 күн нәр татпадым. Тамаққа тәбетім мүлдем болмады. Инфекционист дәрігерімін, қанша вирусты ауруларды емдедім. Өзім қаншама тұмау да болғанмын. Бірақ дәл осындай ауруды көрген емеспін. 
 

–    Басқа тағы қандай симптомдар байқалды?
–    Артынша құрғақ жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылды. Өкпені КТ түсіргенде екіжақты пневмония анықталып, қосымша тағы емделдім. 15 күн дегенде ғана толық өзіме келдім. Сөйтіп 24 күн емделгеннен кейін ауруханадан шығып отырмын. Екі рет анализ тапсырдым, таза. Қазір он күн бойы үйде боламын. Содан кейін ғана жұмысқа шығуыма болады. Коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды. Өте ауыр өтеді, және ұзақ емделуді қажет етеді. Қандай ауру болса да 7-9 күннен аспайтын. Менің қасымда жатқандар да, бірге түскен медқызметкерлерде де менікі сияқты интоксикация, пневмония болды. 
 

–    Қазір үй карантинінде қандай тағамдар жеп, күтім жасаудасыз?
–    Сорпа ішіп жатырмын. Құнарлы тағамдар жеп, барынша дұрыс тамақтануға тырысудамын. Жеміс, көкөніс көбірек жеу керек.

–    Инфекционист дәрігер ретінде вирусты жұқтырып алған науқастарға қандай кеңестер айтар едіңіз?
–    Егер коронавирусы бар адаммен байланыста болсаңыз, бірден дәрігерге қаралыңыз. Немқұрайлылық танытуға болмайды. Коронавирус кәдімгі жұқпалы ауруларға ұқсамайды. Симптомсыз басталады. Содан кейін емделуші науқастарға айтарым, өзіңізге деген сенімділікті жоғалтпаңыз. Алғашында тәбетіңіз болмауы мүмкін. Ондай кезде сұйықтық көп іше беріңіз. Өзім дәрігер ретінде алдыма келген науқастарға осыны үнемі айтып отырамын. Басқа да қауіпті аурумен ауыратын науқастар өмір үшін жанталасып, барынша ем алып жатады ғой. Сол секілді сіз де аурудан айығу үшін жаныңызды салыңыз.

–    Сіздің коронавируспен ауырып, емделіп шыққаныңызға көпшілік сенбей жатыр екен. Бұған не себеп?
–    Коронавируспен ауырған адамдар туралы ақпарат аз. Көбісі коронавируспен ауырғанын барынша жасырып қалғысы келеді. Өйткені ертеңгі күні «Анау коронавируспен ауырған» деп басқалары қолымен көрсетпесін деп ұялады. Бізде қазақта солай ғой, білгеннен кейін ертеңгі күні сөз ете бастайды. Мен де коронавирусты жұқтырып алғанда ешкімге айтпадым. Тек әріптестерім ғана білді. Ата-анама, келіншегіме де айтпадым. Карантин басталғанда келіншегімді балалармен ауылға жіберген болатынмын. Әйелімнің аяғы ауыр. Тек контактіде болғаным үшін карантинде жатырмын деп айтып келдім. Олардың уайымға салынғанын қаламадым. Тек емделіп шыққаннан кейін ғана айттым. Соның өзінде уайымдап жатыр. Аурудан айыққаннан соң ғана көпшілікке коронавирус жайында жазуды ұйғардым. Өйткені бір адамға болсын пайдам тисе екен деймін. Фейсбукте жариялағанымда пікір екіге бөлінді. Кейбіреулер ақша үшін жазып жатырсың деп айыптай бастады. ақша үшін мұндай нәрсе жазатын адам емеспін. Не болмаса атымды шығарып, лайк жинау үшін жазбадым. Дәрігер ретінде мен бұрыннан фейсбук, инстаграм парақшаларымда пайдалы ақпараттар беріп отырамын. 

–    Мұның алдында бірнеше рет инфекционист дәрігерден сұхбат алғанымда, вирус күн ысығанда басылады деген еді. Алайда, карантинді жеңілдеткелі ауру өршіп кеткендей…
–    Жалпы жұқпалы вирустар күннің ыстығынан қайтады. Мен де дәл солай ойлағанмын. Бірақ коронавирус — жаңа вирус және қауіпті. Екі ай бойы карантинде отырған халықты тағы да отырғызып қою мүмкін емес. Өйткені ақшалары таусылды, жұмыс істеу керек. Алайда, карантин тоқтатылды деп сақтану шараларын тоқтатуға болмайды. Алдынан бері ауызашарға барушылар, туған күн тойлаушылар көбейіп кетті. Халық көп шоғырланған жерге бармауға тырысу керек. Сондықтан тек аса қажеттілік туғанда ғана көшеге шыққан жөн. 

 

Дайындаған: Анар ДӘУКЕН

stan.kz