Мәжбүрлі қонған ұшаққа қатысты тексеру аяқталды – Қорғаныс министрлігі — Қазақстан жаңалықтары
2020 жылдың 4 мамырда Қазақстанның әскери-әуе күштерінің С-295 ұшағында орын алған төтенше жағдайға қатысты тексеру аяқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеуді қорғаныс министрінің бұйрығымен Аirbus Military-ұшақты әзірлеуші компаниясы, сонымен қатар «Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС өкілдерімен бірлесіп құрылған арнайы комиссия жүргізді.
«Тексеру қорытындысы бойынша комиссия авиациялық оқиғаның себебі шассидің алдыңғы тірегінің доңғалақтарын басқару жүйесінің техникалық ақаулығы болды», — деді ҚР мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігін қадағалау департаментінің бастығы полковник Қайрат Баймаханов.
Шассидің алдыңғы тірегінің шықпауына байланысты болған төтенше жағдайда экипаж мәселені жою үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Ұшқыштардың біліктілігінің арқасында әуе кемесі Жетіген аэродромына сәтті қона алды.
Экипаж құрамында әуе кемесінің командирі майор Жеңіс Зайнулдинов – 1700 сағаттан астам ұшуы бар 1-ші санаттағы ұшқыш, капитанның көмекшісі Абылай Ибраев, борт-инженер майор Кәрім Пахирдинов және борт-механик прапорщик Игорь Карабец болды.
ҚР президенті – қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы шешімімен С-295 ұшағының экипажы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Майор Жеңіс Зайнулдинов және капитан Аблай Ибраев – II дәрежелі «Айбын» ордендерімен, майор Кәрім Пахирдинов және прапорщик Игорь Карабец – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Сонымен қатар, қарулы күштер мен төтенше жағдайлар комитетінің жердегі қызметтерінің жұмысы атап өтілді. «Жетіген» аэродромын ұшақтың авариялық қонуына алдын ала дайын болуы, адам шығынының алдын алуға және қымбат тұратын авиациялық техниканы сақтауға мүмкіндік берді.
Қорғаныс министрінің бұйрығымен ұшақтың жердегі авариялық қонуын қамтамасыз етуде кәсібилік танытқан әскери қызметшілер «Ел қорғаны» медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағытындағы әскери ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай, Жетіген аэродромына сәтті қонған еді, кейін әуе кемесінің қиындықпен қонуының себептері белгілі болды.
stan.kz