Карантинде қазақ тілін үйренуге арналған қосымшаны қолданушылар саны артты
Қысқа сілтеме алу
Статистикаға сәйкес, пайдаланушылардың басым бөлігі – жоғары білімі бар әйелдер. Ал ең белсенді адамдар – жұмыс істеп жүрген 35-45 жастағы адамдар, мектеп оқушылары мен студенттер
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр — Sputnik. Карантин кезінде қазақстандықтар мемлекеттік тілді меңгеруге арналған мобильді қосымшаларды жиі қолдана бастады. Мамандар 2013 жылы іске қосылған Soyle.kz жобасын зерделей келе, осындай шешімге келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі мемлекеттік тілді дамыту қорына сілтеме жасап.
«Пандемия мен карантин кезінде халық онлайн-оқыту жүйесін кеңінен қолдана бастады. Soyle.kz статистикасына сәйкес, екі айдың ішінде сайтта 3 мыңға жуық адам тіркелді. Ал қаңтар-ақпан айында небәрі 633 пайдаланушы тіркеуден өткен болатын», — дейді қор қызметкерлері.
Soyle.kz мобильді қосымшасын 5,7 адам жүктеп алды. Өткен жылы наурыз-мамыр айларында осы көрсеткіш екі есеге аз болған. Қазіргі кезде осы қосымша арқылы 127 мың адам қазақ тілін меңгеріп жатыр.
Статистикаға сәйкес, пайдаланушылардың басым бөлігі – жоғары білімі бар әйелдер. Ал ең белсенді адамдар – жұмыс істеп жүрген 35-45 жастағы адамдар, мектеп оқушылары мен студенттер. Қазақстандағы пайдаланушылар ең төменгі деңгейден бастаса, шетелден қосылатындар, көбінесе, өз білімін шыңдауға тырысады.
Шетелде қосымшаны жүктегендердің басым бөлігі – АҚШ (5,3 мың адам) пен Ресейде (3 мыңнан астам) тұрады. Бұдан бөлек, Өзбекстан, Германия, Қырғызстан, Украина, Моңғолия мен Оңтүстік Кореяның тұрғындары қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытады.
«Бұл – өте қуанышты жағдай. Себебі Soyle.kz жобасын ашудағы негізгі мақсаттардың бірі – отандастарымызға қазақ тілін тегін меңгеруге жағдай жасау, жалпы, қазақ диаспорасына ғана емес, қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға атсалысып жатқан азаматтарға көмектесу», — деп атам көрсетті мамандар.
Soyle.kz – бұл қазақ тілінің онлайн-курсы. Осы тегін жобаны мемлекеттік тілді дамыту қоры іске асырды. Бастамаға Тұңғыш президент қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Samsung Electronics компаниясы қолдау білдірді.
sputniknews.kz