«Шіріген көкөністерден тамақ жасайды»: Түркістан облысындағы интернаттан шу шықты — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында мүгедек балаларға арналған интернатта шу шықты. Қоғам белсендісі Ақмарал Омралинова мекемедегі жеткіншектерге бұзылған көкөністер берілетінін айтып шырылдауда. Бұған қоса ол интернат тәрбиешілері балаларды ұрып-соғатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

интернат

Ақмарал Омралинованың сөзінше, интернат басшылығы өлшемі кіші жөргектер сатып алады екен. Соның салдарынан бүлдіршіндер ыңғайсыз құралдар киюге мәжбүр. 

«Бұған қоса балалар үлкендердің ұратынын айтады. Қолдары жұмыс істемейтін ұл бала бар. Ол аузымен сурет салады, ән айтуға да икемі бар. Ол жүргізуші қызметіне тағайындалған методистің жұдырықпен аямай қабырғасынан, иығынан соғатынын жеткізді. Бұған қоса тәрбиелеушілер үлкен балаларды өзінен кішілерді ұр деп айтатын көрінеді. Бұл жүйе қандай қатыгез балаларды тәрбиелеп отыр?» — дейді қоғам белсендісі Ақмарал Омралинова. 

интернат

Еске салайық, бұған дейін Аягөдегі интернатта көз жұмған төрт баланың ісі үлкен шу тудырған еді. Сол себепті балалардың құқығы жөніндегі өкілі Аружан Саин бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне елімізде орналасқан осындай мекемелерді тұтас тексерістен өткізуді өтінген еді. 

«45 адам 105 баланы қалай тәрбиелей алады? Бұған қоса ол балалардың 30%-ы өздігінен жүріп-тұра алмайды. Егер ол балалардың денсаулығы нашарласа, бірден медициналық орталыққа ауыстыру қажет еді. Неліктен интернаттағы жұмыскерлердің санын қысқартып тастаған?», — деді балалар омбудсмені Аружан Саин. 

 

stan.kz