Қазақстанның әуе тасымалына мемлекет қандай қолдау көрсетеді

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Әуе компаниялары мен әуежайлар және басқа да авиация салалары мемлекеттің қосымша қолдауына ие болады

АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Коронавирус пандемиясы Қазақстандағы әуе тасымалының табысына айтарлықтай әсер етті. Жолаушыларды тасымалдаудан түсетін табыс өткен жылмен салыстырғанда 32,3%-ке азайған. Ал ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, әуе кеңістігіне қатысты салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

«Әуе көлігі кәсіпорындарының қаңтар-сәуір айында жолаушыларды тасымалдаудан түскен табысы 69,1 миллиард теңгені құрады. Мұны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ 32,3%-ке аз», – делінген Ranking.kz порталында жарияланған ақпаратта.

Табыс деңгейі наурыз айында 13,8 миллиард теңгені құраған. Ал Қазақстанның ішкі рейстерінің барлығы тоқтатылған 1 сәуірге дейін жыл басынан бері әуе көлігімен 1,7 миллион жолаушы тасымалданған.

Осыған орай ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, мемлекет тарапынан әуе компаниялары мен әуежайларға қосымша қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, жыл соңына дейін ұшаққа сатып алынған қосалқы бөлшектер импорты қосымша құн салығынан босатылады. Техникалық және өзге де қызмет көрсету түрлерінің барлығы осындай жеңілдікке ие болады. Сондай-ақ, әуежайлардан жер салығы мен жерді пайдаланғаны үшін ешқандай төлемақы алынбайды.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бірқатар қалаға әуе қатынасы жанданды

Айта кетейік, Қазақстанда 1 мамырдан бастап ұшақтар қайта ұша бастады. Алғашқы күні-ақ еліміздің ірі әуежайлары орналасқан Нұр-Сұлтан мен Алматыда 700-ге жуық азамат әуе компанияларының қызметін пайдаланған.



sputniknews.kz