Бейсен Құранбек: Ертең өледі де қалады, сосын артынан өтірік жылағаннан не табасың — Қазақстан жаңалықтары
Журналист Ержан Байтілес Бейсен Құранбектің көзі тірісінде айтқан әңгімесін еске алды. Марқұмның анасына көрсеткен ілтипатын үлгі етеді. Өзіне айтқан ақылын айтып, қара жамылған отбасына көңіл айтты.
Бұл туралы желідегі парақшасында жазды.
– Ауылыңда мақта өсіп жатыр ма? – деп сұрады тоқсанның төріндегі кейуана. Әңгімеге Бейсен аға араласты да, Қызылордада мақта емес күріш өсетінін апасына түсіндіріп жатты. Аға сөзін түйіндей бере:
– Негізі о баста Қызылордада мақта өсірген екен. Бірақ жердің құнары, климаттың қиындығы ескеріліп, кейіннен күрішке көшіріпті. Әсілі, апам соны айтып отыр, – дедім.
– Кербұлақта жатқан мына кемпір оны қайдан біледі сонда? – деп күледі Бейсен аға.
Бұл осыдан бес жыл бұрын Бейсен ағаның Талдықорғандағы үйіндегі әңгіме еді. Сол барғанда байқадық. Апасын алқанына салып, аялап, мәпелеп бағып отыр. Балапанын қанатының астына салып бағатын қарлығаштан бетер шыр-пыр Бейсен аға. Анамыз құлап қалып, белін зақымдап алған екен. Апасының асты-үстіне түскенде қарап отырып ет-жүрегің елжіреп, мейірленіп кетесің. Шешенің балаға деген махаббатын бәрі біледі ғой. Ал баланың анасына деген ілтипаты, құрметі осындай болады дегенді бірінші рет көрдік. Өзіміз кемпірдің баласы болсақ та, апамызға Бейсен аға сияқты қызмет көрсете алмаппыз…
«Қызмет, мансап, атақ қусам, Алматы мен Астанада қалар едім. Талай-талай кісілер қасына шақырды. Осы кезде біраз жерге де жетіп қалар едім. Бірақ маған шешемді бағу керек. Апама қарау қажет. Ертең өледі де қалады. Сосын артынан өтірік жылғаннан не табасың? Одан да тірісінде қадірле, қасиетін таны. Қас-қабағын бақ, көңіліне қаяу түсірме. Адамдық, перзенттік парызың да сол болмақ. Солай, Ержантай, сенің де Алматыда жүре бермей, Қызылордаға қайтқаныңды Талдықорғанда жатып құптадым», – деп еді сонда.
…Ондағы жүрек бөлек еді. Оның пейілі аппақ болатын. Көңілі кіршіксіз-тін. Мынау лас дүниеде ниетін бүлдіріп алмаған, жүрегіне дақ түсірмеген жалғыз адам болса, ол маған Бейсен аға сияқты боп көрініп тұратын. Рас, алғашқыда асып-тасыған ақ көңілге, риясыз бауырлық ниетке күдіктене қарағанбыз. Мұның бір артына сұрауы, өтеуі бардай қарадық. Әлде, жасанды деп ойладық па? Әйтеуір, үрке қабылдағанымыз есте. Сөйтсек, бар қалпы, болмысы сол екен. Ешкімді жек көре алмайтын, тек жақсылық ойлайтын, қолынан келгенше мұқтажға көмектесетін, жығылғанды демейтін, сүрінгенге сүйеу болатын мінезі екен. Солай жаратылған. Ешқандай қоспасы я болмаса жасандылығы жоқ. Оның болмысы көңілімізді кірлетіп алған біздерге тосын мінез болса да, жүрек қатпарының бір бұрышында қалғып кеткен мейірімің мен махаббатыңды түртіп оятатын еді. Сондай адамның бар екенін, өмірде, қоғамда қатар жүргеніңді сезінудің өзі бір ғанибет еді. Құдай оны да көп көріпті. Қайтейік…
Төрт мүшел ғұмыр кешіп, тұтас халықтың ыстық ықыласына бөленіп, тек қана алғыс арқалап, маңдайы жарқырап Бейсен аға да өтті өмірден. Өміріне қызығасың. Өліміне де… Асылық айтты не күпірлік қылды, я пенделікке салынды демеңіз. Қасиетті Рамазан айында, оның Қадір түні жасырылған соңғы он күндігінде бақиға аттанды. Өлімінің өзі өнегелі ғой. Осы кетісімен-ақ бізге қалай өмір сүру керек екенін ұғындырып кеткен жоқ па?! Көзімізге шұқып, қолымызға таяқпен ұстатқандай көрсетіп отыр ғой. Құранбек нұсқаған жолмен жүруге талпынайықшы, әрекет қылайықшы.
…Азанда қаралы хабарды естіп, есеңгіреп қалдық. Енді ес жиғандай боп отырмыз. Көңіл сенбейді. Бірақ өмір өтірік емес екенін көрсетіп отыр. Барша қазақ жұртына, Бейсен ағаның әулетіне, әріптестеріне, әсіресе, өзім құрмет тұтатын Сәрсен ағама қайғысымен ортақтасып, көңіл айтамын. Алла ағамыздың алдын пейіш, артын кеніш етсін!.
stan.kz