Негізсіз айыппұл: Қазақстандық жүргізушілер камераларға сенбейтінін айтады — Қазақстан жаңалықтары
Талдықорғанда жол ережесін бақылайтын камераларға қатысты дау туындады. Бір айдың ішінде бірнеше айыппұл алған жүргізушілер бұл ұйғарымдармен келіспей отыр. Олардың айтуынша, жылдамдықты өлшегіш құрылғыларда дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Себебі, кейбір көшелерде сағатына 90-100 шақырым жылдамдықпен жүрмек түгілі, рұқсат етілген 60-пен жүрудің өзі қиындау, — дейді. Ал, полиция қызметкерлері камералардың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Амангелді Сатыбалдинов көлігімен көшедегі стационарлық камераларға бір емес, үш рет түскен екен. Үшеуінде де жылдамдықты шамадан тыс асырғаны үшін айыппұл салынған. Алайда, жүргізуші олардың ешқайсымен келіспейді.
«Үш штрафтың біреуі Шевченко Гауһар ана көшесіндегі базардың қасында. Базардың қасында 95-пен өтіп кетті деген штраф келді. Базардың қасында 95-пен қалай өтіп кетуім мүмкін екенін білмеймін. Қазір біз білетін 300 адамның әрқайсысында 3 штрафтан, 8 штрафтан бар. Ал, білмейтіндердің арасында, төлеп тастағандар қаншама», — дейді көлік жүргізушісі Амангелді Сатыбалдинов.
Наразылық білдірген жүргізушілердің көбі осы Шевченко Гауһар ана көшесінің қиылысындағы камераларға түсіп қалған. Ұйғарымға сенсек, ығы-жығы көліктердің арасынан сағатына 80-90 тіпті, 105 шақырым жылдамдықпен өткендер де бар екен. Ал, ең қызығы Абылай хан Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы камераларда жол ережесін бұзған уақыт суреттермен мүлдем сәйкес келмейді.
«Түнгі онда болған заң бұзушылық. Ал, мына жерде фотода жап-жарық. Бәрі көрінеді. Машина көрінеді. Адамдар көрінеді. Ол болмайды ғой фотоны камера солай түсірген», — дейді көлік жүргізушісі Данияр Нұрбеков.
Камераларға қатысты дау шыққаннан кейін жауаптылар қондырғыларды тексеруге кіріскен секілді. Тіпті, түзетіп, жөндеу жүргізіп жатқандарын куәгерлер ұялы телефондарына түсіріп алған.
Жүргізушілердің пікірінше, камераларды түзеткеннен кейін енді ақауды анықтау қиынға соқпақ. Сондықтан, қазір олар жан-жаққа шағымдануда. Алайда, әзірге еш нәтиже жоқ. Полиция департаментінің өкілдері қаладағы камералар штаттық жағдайда жұмыс істеп тұрғанын алға тартып отыр.
«Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешенінің 13 бекеті және жол қозғалысын бақылайтын 3 бекет бар. Соңғы сертификаттау 2019 жылы жүргізілген. Және ол осы жылдың қарашасына дейін жарамды. Барлық жабдықтар жұмысқа қабілетті және техникалық жарамды күйде. Осы уақытқа құқықбұзушылықтардың қате тіркеудің бірден-бір дерегі тіркелмеген және кешен еш іріксіз қызмет етуде», — дейді Ақбота Әзірбек Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі.
Шағымданушылардың талап-арызы енді жеке-жеке қарастырылмақ. Сондықтан, көлік иелеріне сот шешімі мен сарапатама нәтижесін күту қажет Айта кетсек, өңірде жыл басынан бері фото және бейнетіркеу құралдарымен 90 млн теңгеге 10 мыңнан аса ұйғарым шығарылған екен.
stan.kz