Шымкентте үстемақы көрмедік деген медицина қызметкерлері шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары
Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері уәде етілген үстемақы төленбеді деп бас көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап
«Біз тура солай сияқты, қауіп-қатерге басын тіккен топта тұрмыз. Білмейміз, қандай науқасқа баратынымызды. Өйткені, мысалы, ауырып жатыр деп бардым, ол науқаспен байланыста болып шықты. Біреудің басы ауырып жатыр деп бардым, ол КВИ болып шықты. Біз бәріміз қауіп-қатер тобындамыз», — дейді наразы қызметкерлер.
Коронавируспен кұресте алдыңғы шепте жүргендерге ақы тағайындалады дегенді естіген олар қуанышымыз қойнымызға сыймай қуындық дейді. Алайда ақша берерде басшылық сараңдық танытыпты. Олардың кейбірі тиісті үстемақыдан қағылыпты. Ал ақша берілгендер небәрі 30-40 мың теңге алғандарын айтады. Наурыз айында «дәрігерлерге беріледі» деген 200 мың мен 850 мың теңгені шымкенттік ақ халаттылар «түсімізде де көрмедік» деп отыр. Басшылықтан қайыр көрмеген медицина қызметкерлері ең ақырып денсаулық сақтау министріне хат жолдапты. Бас көтерген оларды басуға жергілікті әкімдік қызметкерлері мен полицейлерде келіпті.
Бұл туралы Шымкент әкімінің орынбасары Ербол Садыр пікір білдірді. Сөзінше, қазіргі таңда оларға қосымша үстемақы төлеу әлі де қарастырылып жатқан көрінеді.
«Біз осы жерде халыққа күндіз-түні қызмет жасайтын азаматтар – біз бен сіздер. Тура сіздер сияқты біз де жүрміз, күндіз түні, сол аурудың ортасында. Ең қауіп-қатерлі екенін бәріміз түсінеміз. Бірақ мұның бәрі біздің жұмысымыз ғой. Сондықтан бірге, бірлесіп отырып қарайық, келісесіздер ме?» — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр.
Еске салайық, осыған ұқсас жағдай Павлодар қаласында орын алған еді. Жедел жәрдем қызметкерлері үш айдан бері заңды үстемақымызды ала алмай келеміз деп ереуілге шығыпты.
stan.kz