Ақтөбеге қыдырып барған астаналық қамауға алынды
Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкен ер адам полиция қызметкерінің заңды талабын орындаудан бас тартып, оған қол жұмсаған
НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Ақтөбе қаласында төтенше жағдай режимін бұзып, ішімдік ішкен елордалық мейман полицейді ұрғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.
10 мамырда Ақтөбе қаласының 12 шағын ауданындағы №62 үйдің ауласында учаскелік полиция инспекторы қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкен екі ер адамды байқаған.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан тұрғыны полицейді теуіп, әскери қызметшінің құлағын тістеп алды – видео
Полиция қызметкері жақындап келіп, тұрғындарға әкімшілік құқықбұзушылық жасағандарын және соған сәйкес хаттама толтыру үшін учаскелік бөлімге бару қажеттігін айтады. Екеуі де полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан.
Полиция қызметкері жақындағанда олардың бірі қол көтеріп, екі рет ұрған.
Нұр-Сұлтан қаласының 52 жастағы тұрғынына қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 380-бабы 1-тармағы (билік өкіліне күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екінші құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабы (қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу), 478-бабы (ТЖ жағдайында құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
sputniknews.kz