Қазақстандық бизнесмен Мақтаарал ауданында үй салуға 6 миллион доллар бөлді

0

;аңа үйлер Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте салынып, Достық, Жаңатұрмыс мен Жеңіс ауылдарының тұрғындары көшіріледі

НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында су басып қалған Мақтаарал ауданындағы ауылдардың тұрғындарына Болат Өтемұратов қорының есебінен 150 жаңа үй салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өтемұратовтың қорынан жаңа үйлердің құрылысына 6 миллион доллар (2,5 миллиард теңге) бөлініп отыр. Ал жаңа үйлер Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте салынады. Бұл туралы бизнесмен, меценат Болат Өтемұратов хабарлады.

Сөйтіп, жаңа ықшамаудан бой көтереді. Оған үйлерін су басып қалған Достық, Жаңатұрмыс мен Жеңіс ауылдарының тұрғындары көшіріледі. Жаңа ауданда балабақшалар мен мектептер де салынады.

Айта кетсек, бұған дейін ұлты өзбек ресейлік миллиардер Әлішер Османов Мақтаарал ауданы тұрғындарына 5 миллион доллар аударғаны хабарланған еді. 

Өзбекстанда бөгет бұзылды

Еске сала кетсек, 1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды.

Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалды. 14 елді мекеннен 31 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сол жерде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев судан зардап шеккендерге жаңа үйлер салынатынын хабарлады. Ал мемлекеттік комиссия әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады.



sputniknews.kz