Нұр-Сұлтанда жаңа саябақ ашылады  

0

Саябақ «Көктал» тұрғын алабында орналасады. Елорда тұрғындары мұнда серуендеп, демалып, спортпен шұғылдана алады

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Елорданың шеткері аймағында саябақ құрылысы басталды.

Саябақ аумағы тыныш демалыс аймағы, белсенді демалыс аймағы және балалар демалыс аймағы болып 3-ке бөлінеді. Саябақ аумағында 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева хабарлады.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Көктал елді мекенінде орналасқан «Көктал» паркінің құрылыс барысымен танысты.  

«Тұрғындармен кездесулерде, азаматтарды қабылдау барысында олар саябақтар мен тынымбақтарды абаттандыру мәселесін көтереді. Елді мекендерді дамытуға көп көңіл бөлеміз. Қазір елді мекендерде 4 ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатырмыз. Бұл бұқаралық спортты дамытып, жастардың денсаулығын нығайтуға көмектеседі», — деді Алтай Көлгінов.

Сонымен бірге, оның айтуынша, ашық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары басталған.

«Бұл парк тұрғындардың сүйікті орындарының біріне айналуы үшін жұмысты сапалы орындау қажет. Автоматты суару жүйесін ойластыру керек», — деп түйіндеді әкім.

Оқи отырыңыз: Астанада асық алаңы салынып жатыр

Нұр-Сұлтан қаласында 50-ге жуық қоғамдық орын абаттандырылады. Олардың қатарында саябақтар, тынымбақтар және басқа да таза ауада серуендеуге арналған орындар бар.

Сонымен бірге елордада жол жұмыстары да басталды. Биыл жалпы ұзындығы 100 километр 150 көше жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, 21 нысанның жұмысы жалғасып жатыр. Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады.



sputniknews.kz