Әуежайда коронавирус анықтамасының түпнұсқалығы тексеріледі
1 мамырдан бастап астана мен Алматы арасында әуе рейстері ашылады. Ал 4 мамырдан Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылорда, Петропавл, Өскемен және Семейге ұшақтар қатынайды
НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Ұшақ жолаушыларына коронавирус табылмағаны туралы жалған анықтамамен бортқа өтуге жол берілмейді. Әуежайда анықтаманың түпнұсқалығы тексеріледі. Бұл туралы Қазақстанның көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, жолаушыларды ұшаққа отырғызбас бұрын міндетті түрде дене қызуы өлшеніп, анықтамасы тексеріледі.
«Анықтаманың түпнұсқалығы тексеріледі. Бұл тетік пысықталып қойды. Сондай-ақ, біз зерттеу жүргізген зертханалардан да ақпарат сұратуымыз мүмкін. Яғни, жалған анықтамаларға жол берілмейді», — деді Байғабылов онлайн брифингте.
Айта кетсек, бірінші мамырдан бастап астана мен Алматы арасында әуе рейстері ашылады.
Ал 4 мамырдан Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылорда, Петропавл, Өскемен және Семейге ұшақтар қатынайды.
Ұшақ бортына коронавирус табылмағаны туралы анықтамасы бар жолаушылар ғана кіргізіледі. Сонымен қатар, олар міндетті түрде маска тағып және араға бір орындық қалдырып отыруы тиіс. Вирусқа тексерілгеннен кейін берілетін анықтама жеті күнге жарамды.
Тағы оқыңыз: «Ешқайда кетпейді»: бас санитар дәрігер коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады
sputniknews.kz