Қазақстандықтарға мерзімі өткен құжаттарды пайдалануға рұқсат етіледі
Төтенше жағдай кезінде көлікті басқаруға рұқсат беретін құжатының мерзімі өтіп кеткен азаматтар жауапқа тартылмайды
НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдай кезінде азаматтарға мерзімі өтіп кеткен құжаттарды пайдалануға рұқсат етіледі. Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Шавкат Өтемісов төтенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттарын ауыстыра алмай жүрген қазақстандықтардың мәселесін көтерді.
Кредитті үш айға шегеру: банк процентті алып тастай ма?
«Төтенше жағдай кезінде еліміздің көптеген азаматы жеке куәлігінің немесе жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткеніне байланысты қиын жағдайда қалды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда республикада 99,5 мың қазақстандықтың жеке куәлігі жарамсыз болып қалған, 68 мың жүргізушінің жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен», — деді ол мәжілістің жалпы отырысында.
Ол жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін 7 АЕК, ал көлікті құжатсыз басқарғаны үшін 20 АЕК айыппұл қарастырылғанын атап өтті. Қазір бұл жаза сол күйі қалған.
«Заңнаманы талқылау барысында депутаттар халықты алаңдататын осы және өзге де мәселелерді қозғады. Біздің пікірімізше, төтенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттар жарамсыз болып қалмауы керек. Олардың мерзімін ұзарту керек деп санаймыз. Бұл мәселе қалай шешіледі?», — деп сұрады мәжілісмен.
Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, қазір министрдің бұйрығымен көлікті басқаруға рұқсат беретін құжатының мерзімі өтіп кеткен азаматтар жауапқа тартылмайды. Соның ішінде қаруды сақтау туралы лицензияның да мерзімі ұзартылды.
«Ал жеке куәлікке қатысты айтар болсақ, біз президенттің атына төтенше жағдай кезінде куәлік мерзімін ұзарту туралы норма әзірлеп жатырмыз», — деді ол.
Айтуынша, мамыр айында тағы 60 мың азаматтың жеке куәлігі жарамсыз болып қалады.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин төтенше жағдай кезінде құжаттардың мерзімін автоматты түрде ұзартатын норма заңда айқын көрсетілуі керек екенін айтты.
sputniknews.kz