Шенеунік жатып ішер басшылар жайлы ашық жазды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қаймен Есендияров спорт мектептері директорларының біреуі де балалармен жұмыс істемейтінін, жаттықтыру шараларына қатыспайтынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған Қаймен Есендияров бір жарым айдың ішінде қандай қиындықтарға тап болғанын ашық жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Иә, жұмыс оңай емес. Құжат көп, бітпеген сот істері, жиналыстар, спорт нысандарының құрылысы, спорт мектептерінің қызметін бақылау, есеп-қисап және тағысын тағы. Жаңа қызметке кіріскен бойда спорт ардагерлерімен кездесіп, ақыл-кеңестерін тыңдап шықтым. Ал келесі күні спорт мектептерінің директорларымен кездесу өткіздім», — деп жазды Есендияров өзінің Facebook парақшасында.

Осыдан кейін басқарма басшысы қабылдауға келген таныс адамдардың өтініштеріне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, барлығы бастық болғысы келеді.

«Осы 45 күннің ішінде маған 20-ға жуық адам келіп кетті. Телефонмен хабарласып жатқандар да бар. Ақыл-кеңестерін үйіп-төгіп жатыр. Бірақ барлығы бір ғана өтініш жасайды, туған-туысын спорт мектебінің директоры етіп тағайындауды сұрайды, тым болмаса, директордың орынбасары қызметіне қоюға өтініш білдіреді. Әттеген-айы сол, біреуі де дарынды бір балаға немесе бапкерге көмек көрсетейін деп айтқан жоқ. Бәрі директор немесе директордың орынбасары болуды қалайды. Ал балалармен кім жұмыс істейді?», — дейді Есендияров.

Осы орайда басқарма жетекшісі 1991-1998 жылдарды еске алды. Ол кезде спорт мектептерінің директорлары аянбай еңбек етті. Жалақының 0,5 төлемін алу үшін кешке қарай костюмді шешіп тастап, спорт залдарда балалармен жұмыс істейтін. Одан кейін үйге кеш қайтатын. Ал қазіргі директорлар түбегейлі өзгерген.

Оқи отырыңыз: Айгүл Иманбаева үкімет басында отырған шенеунік тоқал еткісі келгенін айтты 

«Сөйтсем, қазіргі директорлардың жағдайы мүлдем басқаша екен. Қызметтік көлігі мен жеке жүргізушісі бар. Кабинеттің жанында хатшы-көмекшілері, екі орынбасары, ал штатта оқу ісінің меңгерушісі, ғимарат директоры, бухгалтер, бухгалтердің орынбасары, заңгер, мемлекеттік сатып алушы, әдіскерлер (кейбіреулері 70 жасында зейнетақы алады, бірақ ештеңеге үйретпейді, жастарға орын бермейді), үш күзетші, күзеттің бастығы және тағысын тағы. Жалпы, бір спорт мектебінде 7 бапкерге 35 басшы мен күзетшіден келеді екен», — деп атап көрсетті Есендияров.

Оның айтуынша, директорлардың біреуі де балалармен жұмыс істемейді, жаттықтыру шараларына қатыспайды. Басшылардың өздері де спортпен айналыспайды.

«Осының бәрін зерттей келе, мен бір нәрсені түсіндім. Мемлекеттің спортқа (бапкерлер мен спортшыларға) бөліп жатқан қаржысының басым бөлігі (50-60%) жаңағы басшылар мен директорларды ұстауға кетеді екен. Олай жалғаса берсе, спортты қалай дамытамыз? Мемлекеттің қаржысына салынған спорт нысандарын қалай ұстаймыз?», — дейді Есендияров.



sputniknews.kz