«Ақ халатты періште атап кетті»: Қытайда “Қара жорға” билеп танылған қазақ дәрігері үйіне оралды — Қазақстан жаңалықтары

0

«Қаражорға» билеп, танымал болған Қытайдағы қазақ дәрігері Бахаргүл Толқын үйіне оралды. Қандасымыз сол өлкедегі Шыңжаңның тумасы. Хируг-дәрігер екі ай бойы, ең қауіпті ошақ Уханьда болып, науқастарды емдеуге көмектесті. Білікті маман қатерлі дертпен күресе жүріп әдемі биімен емделушілердің көңілін көтерген еді. Туыстарымен қауышып, мәре-сәре болған ол алғаш рет сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Баһаргүл

Бахаргүл Толқын

Әлеуметтік желіде кең таралған видео естеріңізде болар. Қатерден қаймықпаған қазақ дәрігері аурудан қалжыраған науқастардың көңілін көтеріп жүр. Бүгінде, бұл видео миллиардтаған қаралым жинап үлгерді, көпшілік қандасымызды «ақ халатты періштеге» теңеген.

Қандасымызбен қауышуға туған-туыстары ғана емес, көрші қолаңдары да жиналып, ыстық ілтипатын білдіріп жатыр. Құшағы гүлге, жүзі нұрға толған дәрігердің құрметіне қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылды. Мәре сәре болған жұрт қаражорғаны тағы бір мәрте биледі. Қарсы алуға келген өзге ұлт өкілдері де қазақтың биін билеуден қалыс қалған жоқ.

Баһаргүлдің отбасын көрмегеніне 3 айға жуықтаған. Ата-анасын, жолдасын, әсіресе ұлын қатты сағынғанын айтады. Індетті жеңіп, үйіне аман-есен оралған сәті кең дастархан басында жалғасты. Бауырсақ, құрт, қазы-қарта, шұжық. Қандастарымыз жырақта жүрсе де, қазақтың дәстүрін ұмыт қалдырмапты.

«Ухань халқына көңіл бөлуін білдірттім. Өзім қазақ болғаннан кейін, халық биі қаражорғаны сол жерде билеп бердім. Ухань халқы ішінде жатқан науқастар сондай жақсы көрді. Сіздер өздеріңізді өздеріңіз жігерленіп осындай көңіл күйде болсаңыз ауруды жеңесіз деген ойда болдым» , — дейді Баһаргүл Толқын.

Баһаргүл екі айға жуық ең қауіпті ошақ Уханьда болып, дәрігерлік міндетін атқарып келді. Туған өлкесі Шыңжаңға оралғанымен, сақтық үшін тағы 20 күн карантинде болды. Дәрігердің айтуынша, қазір Уханьдағы жағдай тұрақталған. Тіпті ауруханада вирус жұқтырған бірде-бір науқас қалмапты.

«Алаңдау, қорқыныш болады. Бірақ, міндетім болғаннан кейін барғаннан кейін бір ойым осы кісілерді жазып, өзімнің қызметімді жақсы істеп келу осындай ой болды. Сол кездегі науқастар жазылып, алды жұмысқа шығып кетті», — деп қосты ол.

Дәрігердің біліктілігі мен мейірімділігінің арқасында қаншама науқас аяқтан тұрды. «Қаражорға» биінен кейін пациенттер алғыстан бөлек, ерекше сыйлықтар да тарту еткен. Тіпті би билеген бейнесін де айнытпай салған. Елдің ыстық ықыласына бөленген қазақ дәрігері Қытайдан ыстық сәлемін жолдады. Ол қазақстандықтардың індетті жеңіп шығуына тілектес.

«Қазақстан халқына айтатыным біріншісі үйден шықпау, екіншісі үйден шыққасын маск тағу. Үшіншіден өзіңізді өзіңіз жақсы ұстап, көңіл күй жақтан таймау керек, төртіншісі көптеген етті жеп, сүтті ішіп, айран ішіп, жақсы тамақтардан жеп дененің ауқатын жақсы қылу. Біз сіздер мына күрделі вирустан тезірек жеңуін тілек етеміз», — деді дәрігер.

Еске салайық, бұған дейін Уханьда қызмет етіп жүрген қазақ дәрігер науқастардың көңілін көтеру үшін «Қара жорға» билеп бергені айтылған еді. 

stan.kz