Мұнай дағдарысынан кейін газ нарығы қалай өзгереді?
Мұнай саласымен салыстырғанда, газға деген сұраныс қатты төмендеген жоқ. Өйткені көгілдір отынды өндіру жұмысын реттеу әлдеқайда жеңіл
НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір — Sputnik. Коронавирус эпидемиясының салдары газ саласын да айналып өтпеді. Сұраныс төмендеді. Жылумен қамту және коммуналдық секторда сұраныс бар. Алайда өндіріс ошақтары тоқтап қалғаннан кейін электр қуатын өндіру көлемі азайды. Демек, газ жағатын станциялар шикізатты аз ала бастады.
Бүгінде газ саласында ОПЕК+ сияқты ұйым жоқ. Әйтпесе, бағаны ұстап қалуға болатын еді. Дегенмен, мұнай саласымен салыстырғанда, газға деген сұраныс қатты төмендеген жоқ. Өйткені көгілдір отынды өндіру жұмысын реттеу әлдеқайда жеңіл. Мәселен, мұнаймен бірге шығатын газды қайтадан жердің астына жіберуге болады. Алайда карантинге дейін газ саласында профицит болған. Оның себебі көп. Сұйытылған табиғи газды артығымен өндірсе де, биылғы қыс жылы болды. Содан Еуропаның сақтау қоймалары толып кетті.
Қазіргі импортерлер газды көп алып жатқан жоқ. Содан шикізаттың бағасы ақырындып төмендеп келеді. Алайда әрбір елде жағдай әрқалай болып тұр. Мәселен, АҚШ-та өндіріс болсын, электрэнергиясы болсын, газдың деңгейі түскен жоқ. Үндістанда жағдай басқаша. ONGC мемлекеттік компаниясы сұраныстың төмендеуіне байланысты газ өндіруді 15 процентке қысқартып отыр.
Ал Еуропада электр қуатын өндіру саласында сұраныстың төрттен бірі шегерілді. Осының нәтижесінде сұйытылған табиғи газдың өз бағасы бір миллион британдық жылу бірлігі (БЖБ) үшін екі долларға дейін төмендеді. Ол, шамамен, мың текше метрге – 70 доллар. Ал мұнайдың қазіргі құнымен бірге газдың келісімшарттық бағаларын есептесек, мұнай 25 доллар болса, сұйытылған табиғи газдың бір миллион БЖБ-сы, шамамен, үш доллар. Бүгінде сұйытылған газ халықаралық сауданың үштен бір бөлігін алып отыр. Бірақ жаһандық газ нарығында оның үлесі 15 проценттің айналасында.
Ал ресейлік құбыр газына келер болсақ, Еуропаға тасымалданатын шикізаттың көлемі азайған жоқ. Биылғы жылдың ең жоғары көрсеткішіне жақын.
Биыл қыс жылы болғандықтан, Еуропа газды көп жаққан жоқ. Демек, газ қоймаларында көгілдір отынның деңгейі жылдам көтеріліп келеді. Ал карантиндік шаралары созылып кетсе, Украинаның сақтау қоймаларын пайдалануға болады. Бірақ нарықта газ көп болып кетсе, экспортты қысқартуға тура келеді. Әрине, оны алдымен АҚШ жасайды. Себебі осы елде газды сұйытуға кететін шығындар көп. Басқалар қиындық көрсе де, ағымдағы шығындарын өтей алады.
Дегенмен, Platts-тың болжамы бойынша биыл сұйытылған газдың әлемдік нарығы 4 процентке өседі. Мәселен, өткен жылы осы сала бірден 13 процентке ұлғайып, 355 миллионов тоннаға дейін жеткен. Бұл – тамаша көрсеткіш. Ал коронавирус пандемиясы жағдайында 4 проценттік өсімнің өзі жаман көрсеткіш емес.
Әрине, дәл қазір сұйытылған газ саласындағы жаңа жобалардың іске қосылғаны тиімсіз. Мәселен, Мозамбикте екі бірдей зауыт салынады. Mozambique LNG-дің құрылысы басталып кетсе, Rovuma LNG енді қолға алынады. Алайда бірінші жобада коронавирустың таралуы тіркелді. Оған қоса, Мозамбикте экстремистік топтар белсенді әрекетке көшті. Осы екі фактор құрылыс жұмыстарын тежеп, екі зауытты іске қосу мерзімін шегеруі әбден мүмкін.
Ал Танзаниядағы жобалар әлі қағаз жүзінде жатыр. Сондықтан жаңа өндірістер кейінірек іске қосылса, газдың әлемдік бағасы қатты құлдырап кетпейді.
sputniknews.kz