Пандемия салдарынан босап қалған Алматының көрінісі (фото) — Қазақстан жаңалықтары

0

16 наурызда Қазақстан бойынша коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ал қаланың ірі шахарлары карантинге жабылып, басқа аймақтармен қатынасы қатаң шектелген. Тыйымдар апта өткен сайын көбейіп, қазір қызметке баратын тұрғындарға қатысты мәліметтер әкімдіктің сайтында тіркелген. Stan.kz тілшісі бұған дейін құж-құж қайнаған Алматы көшелерін аралап, суретке түсірді. Ресми тұрғын саны екі миллионға жуықтайтын, облыстан кіріп-жүретін халықты есептегенде үш миллионға жететін Алматыда өмір тоқтап қалғандай.

Жайшылықта кептеліс пен абыр-сабыр жүрген халықтан көз ашпайтын, «Барахолка» атанып кеткен Алматының базарлары да тым-тырыс. Екі аптадан бері сауда тоқтап, бутик иелері үйлеріне тарасқан. 

Бірең-сараң көлікпен жүргендер мен азығын теріп жүрген көгершіндерден басқа тірі жан иесі көрінбейді. 

Базарлар қашан ашылып, сауданың қай уақытта жанданатыны әзірге белгісіз. 

Қаланың ішіндегі жағдай да көңіл көншітпейді. Тек жұмысы бойынша, дәріхана мен азық-түлік үшін шыққан тұрғындардың қозғалысына ғана рұқсат етілген. 

Бәлкім, қазақстандықтар бүкіл әлемді жайлаған дерттің салдары аса қиын болған Италия, Испания елдерінің тәжірибесінен сабақ алған болуы керек. Барлық жауапкершілікті аса қатты сезініп, артқық үйден бас сұқпауға тырысады. 

Бұрынғыдай шүйіркелесіп, бүгінгі күн тынысын талқылап жатқандарды да кезікпейсіз.

Қала саябақтарында да серуендеуге тыйым салынған. 

Табиғат түлеп, шырт ұйқысынан оянған сәтте алматылықтар сыртқа ағылып, ауа райынан рахат алушы еді. Бірақ биыл емес. Биылғы көктемдерін қазақстандықтар төрт қабырғада қамалып, үйлерінде теледидарға телміріп өткізеді. Шахар көшелерінде азайған көліктің экологияға да пайдасы тиіп жатыр. Ауа тазарып, тынысымыз кеңейіп жатыр. Алайда мамандардың айтуынша, пандемия аяқталғаннан кейін барлығы да қаз-қалпына келіп, экологиялық ахуал бұрынғы деңгейінде қала бермек. 

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт

Сәкен Құлман

stan.kz