Кімдер 367 мың теңге жәрдемақы алады – мәжіліс заң жобасын сенатқа жолдады

0
7

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Заң жобасында ардагерлердің бес әлеуметтік қорғалатын санаты анықталды. Жаңадан енгізілетін санат үшін 4,8 АЕК мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгіленді

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Мәжіліс «Ардагерлер туралы» және оған ілеспе заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат сенатқа жіберілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы соғыс және еңбек ардагерлерінің парламент, үкімет пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған өтініштеріне байланысты әзірленді. Құжатта ардагерлерге берілетін барлық жеңілдік мен кепілдік топтастырылған.

Заң жобасында ардагерлердің бес әлеуметтік қорғалатын санаты анықталды. Оған ҰОС ардагерлері; басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; еңбек ардагерлері; заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар жатады.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақыны өсіруге қанша теңге бөлінеді 

Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, олар үшін қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады.

Басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері санатына ауған жауынгерлерінен басқа 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдар, сондай-ақ Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент қосылған.

Жаңадан енгізілетін санат үшін 4,8 АЕК мөлшерінде (2020 жылы – 12 725 теңге) арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгіленіп отыр.

Сондай-ақ, 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-тегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 2,13 АЕК-тен (2020 жылы – 5 647 теңге) 4,8 АЕК-ке дейін (2020 жылы – 12 725 теңге) арттыру ұсынылды.

Бұдан бөлек, Социалистік Еңбек Ерлері үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері қайта қаралды.

2019 жылғы 1 қаңтардан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандарға 138,63 АЕК арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Бірақ бұл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған адамдар мен елдің дамуына елеулі үлес қосқан Социалистік Еңбек Ерлерінің жәрдемақы мөлшерінде едәуір айырмашылыққа әкеліп отыр.

Осыған байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатарынан Социалистік Еңбек Ерлері, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлері үшін жәрдемақы мөлшерін 74,65 және 9,6 АЕК-тен 138,63 АЕК-ке дейін (2020 жылы – 367 508 теңге) арттыруды ұсынды.

Мәжіліс екі заң жобасын екінші оқылымда бірауыздан мақұлдап, сенатқа жолдады.



sputniknews.kz