Ұшақ бортында болған жолаушылар қайда кетті 

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Миланнан елордаға ұшып келген 90 жолаушының сексен төртімен байланыс орнатылды. Қалған алтауы өңірлерге кетіп қалған

НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Коронавирус жұқтырған әйелмен бірге 90 адам Нұр-Сұлтанға ұшып келген. Қазіргі кезде 84 жолаушымен байланыс орнатылды. Бұл туралы елорданың қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біз барлық 84 адаммен хабарласып, байланыс орнаттық. Олардың ішінде Ресей азаматтары да бар. Кейбіреулері қайтатын билетті де алып қойған. Біз олардың барлығын ауруханаға карантинге жатқызамыз. Осы уақытқа дейін 20 адам стационарға жеткізілді. Олардан бірден сынама алынады», — деді Қисықова астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Ал осы адамдармен қарым-қатынаста болғандар үй карантинінде отырады. Дәрігергерлер 14 күн бойы хабарласып тұрады.

«Аурудың белгілері болса, бірден ауруханаға жатқызамыз», — деп түсіндірді ол.

Оқи отырыңыз: Біртанов коронавирус қашан жойылатынын айтты

Оның айтуынша, қалған алты адам бірден басқа өңірлерге кетіп қалған. Басқарма басшысы оларға қатысты ақпаратты бере алмайтынын жеткізді.

«Олар өңірлерге кетіп қалды. Сол жақта олармен байланыс орнатылатын шығар. Тізім бар. Мен аймақтар бойынша ақпарат бере алмаймын», — деп атап өтті Қисықова.

Басқарма басшысы науқас әйелдің жағдайына да тоқталды.

«Қазіргі кезде науқас әйел көпбейінді медициналық орталықта жатыр. Қазіргі кезде шағым айтып жатқан жоқ. Бірақ емдеу шаралары жасалып жатыр», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтанда Миланнан ұшып келген әйелден коронавирустың анықталғанын мәлімдеді. Ол 12 наурызда транзиттік рейспен Мәскеуден келген. Оны бірден стационарға жатқызды. Ұшақ бортында 90 адам болған. Олардың ішінде 37 – Қазақстан азаматы, 42 – Ресей азаматы, 11 – өзге елдің азаматтары.

Ал Алматыда коронавирус екі адамнан табылды. Бұдан бөлек, тағы бір Қазақстан азаматы Германияда ауырып қалған.



sputniknews.kz