Бүгінен бастап азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар беріле бастайды

0

Елордада осы жылдың қаңтар-ақпан айларында АӘК алуға өтініш берген отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 4,4 мыңнан астам балаға көмек беріледі  

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 10 наурыздан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 мен 6 жас аралығындағы балаларына азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарлары беріле бастайды.

Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер елорданың 4 ауданындағы «Магнум» ЖШС сауда желісінің 5 супермаркетінде белгіленген кесте бойынша беріледі, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жалпы, мемлекеттік әлеуметтік көмек 4,4 мыңнан аса баланы қамтиды. Олардың ата-аналары осы жылдың қаңтар-ақпан айларында АӘК алу жөнінде өтініш берген болатын.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Айта кетсек, 1 мен 6 жас аралығындағы балаларға арналған әлеуметтік көмекке азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарлары кіреді. Бұл жиынтық тұрмысы төмен отбасылардағы әр балаға тоқсанына бір рет беріледі. Қазіргі уақытта дүрлігу мен кезектің алдын алу мақсатында елордалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушылардың тізімін жасады.

Әлеуметтік пакеттер ай сайын кесте бойынша беріледі. Әрбір пунктке жауапты тұлғалар бекітілген. Әлеуметтік пакетті алушылар өз ЖСН-ді «Магнум» сайтына енгізіп, тізімде бар-жоғын тексере алады.  Олардың аты-жөні күн сайын алфавиттік тәртіппен жарияланады. 

Кестеде азаматтардың кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерді қашан және қайдан алуға болатыны және азаматтардың супермаркеттің қай филиалына бекітілгені көрсетілген. Көмек алушы тізімнен өзін тапқаннан кейін өзі бекітілген Magnum филиалына баруы қажет. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер берілетін «Магнум» сауда желісі супермаркеттерінің мекен-жайлары:

  1. Алматы ауданы, Еділ көшесі, 26, Жансүгіров көшесі, 8/1 «Б»;
  2. Байқоңыр ауданы, Ш. Уәлиханов көшесі, 20;
  3. Есіл ауданы, Тұран даңғылы, 55 «Д»;
  4. Сарыарқа ауданы, Алаш тас жолы, 23/1.



sputniknews.kz