Әлихан Смайылов қазақстандықтардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын индекстеуге уәде берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Премьер-министрдің бірінші орынбасары — қаржы министрі Әлихан Смайылов үкімет отырысында теңгенің жаңа бағамы мен инфляция дәлізін қайта қарау есебімен зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеу жүргізілетіндігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Міндеттемелердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі. Инфляция дәлізін қайта қарауды ескере отырып, зейнетақыларды, жәрдемақыларды, АӘК индекстеу қабылданатын болады. Сондай-ақ, теңге бағамына байланысты бірқатар шығындарды индекстеуді талап етіледі, бұл — үкімет борышына қызмет көрсету, ТМККК шеңберінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, азаматтарды шетелде емдеу және басқалары», — деді Смайылов.

Оның айтуынша, үкімет республикалық бюджеттің шығындарын оңтайландырады.

«Оңтайландыру бағыттары анықталды. Біріншіден, бұл қымбат жиһаз бен көлік сатып алу, семинарлар, форумдар және басқа да имидждік іс-шаралар өткізу. Осы шығындар бойынша жұмыс жүргізілді», — деді министр.

Ал екіншісі — басым емес шығындар, кейінге қалдыруға болатын жобалар мен іс-шаралар, сондай-ақ кейінге қалдыру шарттары бар бюджетке енгізілген жаңа жобалар.

Айта кетейік, экономикадағы индекстеу — бұл шарт сомасын, несиені, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды, салымдарды тұтыну бағаларының индексіне байланыстыру арқылы инфляциядан қорғау құралы.

stan.kz