Мұнай бағасының арзандауы зейнетақы мен жәрдемақыға әсер ете ме

0

Әлемдік мұнай бағасының төмендеп, доллардың қымбаттауына қарамастан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін уақытында орындайды

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин зейнетақы мен жәрдемақы кешіктірілмей уақытында төленетініне сендірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біздің ортақ міндетіміз әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Мемлекет әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындайды. Зейнетақы мен жәрдемақының бәрі уақытылы әрі толық көлемде төленеді», деді Мамин үкімет отырысында.

Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне  жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«Осы ретте жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында инфрақұрылым жобаларын іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елдімекендерді аббаттандыру жұмыстарын күшейту керек», – деді премьер министр.

Сонымен қатар әкімдіктермен бірге азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Мамин әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар міндет жүктеді. Біріншіден, әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру қолға алынады. Бұл мақсатта тауар интервенциясын жүргізу үшін тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету керек.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауар өндірушілерінің үлесін арттыру бойынша жұмысты күшейтеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның зейнетақы қоры 174 мың адамды іздеп жатыр

Отандық кәсіпорындардың тауары мен қызметіне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар ішкі резервтердің бәрін іске қосу қажет екені айтылды.

«Самұрық-Қазына» қорына, басқарушы холдингтерге бұрынғы келісімдерге сәйкес, өздерінің валюта нарығындағы іс-қимылын ұлттық банкпен келісу тапсырылды.

Ұлттық экономика және қаржы министрліктері бақылауды және тиісінше үйлестіруді қамтамасыз етуі керек. Ағымдағы міндеттемелерге қатысы жоқ шетелдік валютаны сатып алу операцияларын жүргізуге шектеу салу тапсырылды.

Басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін кейінге ауыстырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарау қажет. Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде ұсыныс әзірлеу жүктелді.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз