Коронавирус: үкімет дәріханаларда бетперде тапшы екенін жоққа шығармады

0

Қазір республикада медициналық бетперде шығаратын бес кәсіпорын бар, олар айына бір миллион бетперде өндіреді

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Үкімет кейбір дәріханаларда медициналық бетперде жоқ екенін теріске шығармайды. Бірақ, бұл Қазақстан ауруханалар мен дәріханаларды бетпердемен толығымен қамтамасыз етуге дайын емес екенін білдірмейді. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүкіл дәріханалар бетпердемен қамтамасыз етіліп отыр деуден біз аулақпыз. Кейбір дәріханаларда болмауы мүмкін. Ол шындық. Әңгіме онда емес. Ашығын айтқанда, коронавирус тақырыбы көтерілген кезде, ел біраз дүрлігіп қалды. Сол себепті азаматтар өздерінің, отбасын қауіпсіздігін ойлап, көптеп сатып алып кеткендер болды», — деді Тоғжанов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оқи отырыңыз: Мамин коронавирустың таралуына байланысты бірнеше тапсырма берді

Вице-премьер бірлі-жарым дәріханада бетперденің болмауы Қазақстанның оларды бетпердемен қамтамасыз етуге дайын еместігін білдірмейтінін қадап айтты.

Медициналық бетпердемен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде, үкіметтің жіті бақылауына алынған.

«Бүгінгі күні осы мәселелерді шешуге 2,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Қажет болса, резервтен тағы ақша бөлу туралы шешім қабылданады», — деді үкімет басшысының орынбасары.

Айтуынша, қазір елдегі медициналық мекемелерге жеті миллион бетперде жеткізілген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице министрі Берік Қамалиевтің ақпаратынша, қазір Қазақстанда бес кәсіпорын медициналық бетперде шығарады. Олар Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында орналасқан.

«Қазіргі уақытта бұл компаниялар күніне 170 мың, ал бір айда 5 миллион медициналық маска шығарады. Олардың бес миллионнан алты жарым миллионға дейін бетперде шығаруға мүмкіндігі бар. Тек бір компанияда ғана шикізат тапшылығы орын алып отыр. Ал қалған төртеуінде шикізат жылдың соңына дейін жетеді», — деп сендірді министр орынбасары.

Коронавирус індеті

Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда жаңа коронавирус жұқтырғандар саны 80 026 адамға жетті, оның ішінде 2912-і көз жұмды, 44 462 адам емделіп шықты.

Коронавирус Қытайдан бөлек әлемнің 58 еліне тарап үлгерді. Бұл елдерде қаза болғандар саны 104 адамға дейін өсті. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 7169 адамды құрап отыр.

sputniknews.kz