Атырау — инвесторларға тартымды аймақ
Мұнайлы аймақ әлемнің 50-ден астам елімен тұрақты қарым-қатынас орнатқан, соның нәтижесінде 1 мыңнан астам бірлескен және шетел кәсіпорындары құрылып, жұмыс істеп жатыр. Қазан айында Атырауға жұмыс сапарымен келген Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабекенов: «Еліміздің инвестициялық саясаты инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Өткен жылы 20,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіне салынған қаражат еселеп артты. 2020 жылға дейін 658 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс», – деген еді.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығында да қолға алынған жобалардың игілігін ел көріп отыр. Ендігі мақсат – елімізде келер жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының құндық көлемі өсімін – 19, еңбек өнімділігін 22 пайызға өсіріп, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 4,5 трлн теңгеге жеткізу. Бұл бағытта Атырауда қолға алынып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Негізінен мұнай-газ өндіру саласы басымдыққа ие болғанымен, құрылыс, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдерін өндіру, химия өнеркәсібі бойынша да ілкімді істер бар. Өңірде басқа салаларда да жақсы жобалар жүзеге асуда.
Шетел инвесторлары Атырау облысына ерекше қызығушылық танытады. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев 2019 жылға дейін 31 инвестициялық жоба іске асырылып, 3635 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отырғанын хабарлады. Бұл өз кезегінде өңірдің өндірістік әлеуетіне тың серпін беріп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, биыл қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар 2 692,1 млрд теңге болған. Жыл сайын өңір экономикасына инвестиция тарту мақсатында «ATYRAU INVEST» халықаралық инвестициялық бизнес-форумы өтеді. Сондай-ақ, «Global Oil&Gas Atyrau» Солтүстік Каспий аймақтық мұнай және газ көрмесі және «Atyrau Build» Солтүстік Каспий аймақтық құрылыс және интерьер көрмесін де жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналды.
«Бір терезе» қағидасы бойынша ақпараттық-талдау және сервистік қолдау, отандық және шетел инвесторларына сапалы және жедел көмек көрсету мақсатында өңірде «Атырау Innovations» ЖШС құрылды. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ» да осы бағытта қызмет көрсетіп отыр. Өңірдің инвестициялық қызметіне байланысты проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін Атырау облысы әкімдігімен «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» өңірлік кеңес құрылған. Кеңес құрамында мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, шетелдік компаниялар, шетел елшіліктерінің өкілдері бар. Мұның бәрі – Атыраудағы инвестициялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ