Арменияда бір адам коронавирус жұқтырды
Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 86,5 мың адамнан асты, оның 6,7 мыңы Қытайдан басқа елдерде тіркелді
НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз — Sputnik. Арменияда бір адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
«Науқас – 29 жастағы азамат, ол 28 ақпанда әйелімен Ираннан ұшып келген», — деп жазды премьер.
Жалпы, әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны өсіп келеді, соңғы деректер бойынша 86,5 мың адамнан асты, деп хабарлайды South China Morning Post газеті.
Қытайда дертке шалдыққандар саны 79 824 адам болса, басқа елдерде науқастардың саны 6,7 мың адамға жетті.
Қытайдан тыс жерде коронавирустан көз жұмғандар саны бір тәулікте 88-ден 109 адамға жетті: 43 адам Иранда, 29 адам Италияда, 17 адам Оңтүстік Креяда, 11 адам Жапонияда (оның төртеуі Diamond Princess круиз лайнерінің жолаушысы), екі адамнан Гонконг пен Франция, бір адамнан АҚШ, Ұлыбритания, Эквадор, Тайвань мен Филиппинде қайтыс болды.
Ең көп науқас Оңтүстік Кореяда — 3 150 адам, Жапонияда – 947 адам, оның 705-і Diamond Princess лайнерінің жолаушылары және экипаж мүшелері, Италияда — 1 128, Иранда – 593.
Сингапурде 102 науқас анықталды, Францияда — 100, Гонконгте — 95, АҚШ-та — 62, Германияда — 57, Испанияда — 46, Кувейтте — 45, Таиландта — 42, Тайваньда — 39, Бахрейнде — 38, Малайзияда — 25, Австралияда — 24, Ұлыбританияда — 23, БАӘ-де — 19, Вьетнамда — 16, Канадада — 14, Ирак пен Швецияда — 13, Макао мен Швейцарияда — 10.
©
AP Photo / Arek Rataj
Әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны өсіп келеді
Бұдан бөлек, әлемнің тағы 37 елінде коронавирус жұқтырғандар саны 10 адамға жетпейді.
Қытайдағы вирустың жаңа түрі өткен жылдың желтоқсан айында белгілі болды. Ел билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) белгісіз пневмонияның өршуі туралы хабарлады. ДДҰ індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп танып, оған Covid-19 деген ресми атау берді.
sputniknews.kz