Алматыда Oyan Qazaqstan белсенділері ұсталды, Мамай полицияның шабуыл жасағанын хабарлады

0

Алматыда сағат 11-ден кете бере «Демократиялық партия» жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайды үйінен шыға берісте полиция қызметкерлері ұстап әкетуге тырысты. Тікелей эфирде хабар таратқан оның әйелі Инга Иманбайдың телефонын өзін таныстырмаған қызметкер тартып алып, өшіріп тастады. Кейіннен Жанболат Мамай олардың Инга Иманбайдың басын қақпаға соғып, өздеріне қарақшылық шабуыл жасағанын айтты. Жедел жәрдем көлігі шақыртылған.

Мамайдың айтуынша, полиция алты көлікпен келген. Тікелей эфир кезінде полиция қызметкерлерінің бірі қылмыстық іс бойынша Мамайды Наурызбай аудандық ішкі істеп басқармасына алып келу тапсырылғанын айтты. Бірақ белсенді шақырту қағазында мөр жоғын, қылмыстық істің бабы көрсетілмегенін айтып, заңдық күші бар шақырту алып келу қажеттігін айтып, көлікке мінуден бас тартты.

1 наурызда түске таман 11:30 шамасында Oyan, Qazaqstan жетекшісі Әсем Жәпішеваның ұсталғаны хабарланды. Шамамен екі сағат бұрын қозғалыс мүшелері Бауыржан Сабитов пен Жанель Шаханованы полиция ұстап әкеткен. Түске таман белсенді Марат Тұрымбетов Азаттыққа өзінің Алматы қалалық полиция департаментінде отырғанын хабарлады.

1 наурызда таңертең полиция белсенді Ирина Кимді үйінен ұстап әкетпек болған. Белсендімен хабарласу мүмкін болмай тұр.

Митинг қарсаңында Қазақстанның бірқатар қаласында белсенділер ұсталып, әкімшілік қамауға алынды. Кейбір белсенділер үйін полиция торуылдап жүргеніне шағымданды. Полиция оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Бұған дейін елдегі түрлі оппозициялық ұйымдар 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған. Бас прокуратура митингілерді «заңсыз» деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.

Azattyq