«Ешқашан жүрегім ауырды деп айтқан емес»: Дулат Ағаділдің денесі жер қойнына тапсырылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Үнемі әділдік үшін күресіп, халықтың мұңын мұңдап келген белсенді Дулат Ағаділді бүгін Ақмола облысы Талапкер ауылында қалың жұрт ақтық сапарға шығарып салды. Ұйытқыған боран мен көктайғаққа қарамастан марқұмның жаназасына мыңнан астам адам жиналды. Әр өңірден келген саяси белсендінің жақтастары мен достары марқұм Нұр-Сұлтан қаласының тергеу абақтысында жүректен қайтыс болды дегенге сенбейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Талапкер ауылының мешітіне ағылған жұрттың санына шек жоқ. Қайсар мінезді азаматтан айырылып қалдық деп зар жылаған мыңнан астам адам Дулат Ағаділді жер қойнауына тапсыруға келіпті. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу сәті бүкіл халыққа ауыр тиді. 

Дулат Ағаділ ауыл маңындағы зиратқа жерленді. Мәйітті көтеріп мешіттен шыққандар марқұмның денесін бейіт басына дейін жаяу көтеріп алып барды. 

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындары полицейлердің Дулат Ағаділдің жүрек талмасынан қайтыс болды деген тұжырымына сенер емес. Сөздерінше, Дулат ұстап алып кетіліп, абақтыға жабылғанға дейін денсаулығына ешбір шағым айтып көрмепті. 

Дулат Ағаділ — қоғам үшін күресіп, әділдік іздеген белсенділердің бірі. Үнемі саяси тұтқындарға бостандық сұрап, әлеуметтік құқық мәселелерін көтеретін. Көпбалалы әкелердің атынан Ақорданың атынан жалғыз өзі шығып, аналарды қолдаған да сол еді. 

«Осыған дейін бірде-бір рет жүрегім ауырды деп шағымданбаған. Ол қалай жүрек талмасына ұшырайды?  Өзі сондай өмірлік ұстанымы нық, позиция берік, бірбеткей, қайтпайтын азамат еді. Мұндай азаматты қорғап қала алмаған қазақ — ел болмаймыз», — деді Медет Арыстанов марқұмның досы. 

Арыстай азаматтан айырылдық деген белсенділер жаназадан кейін әділ тергеуді сұрап, елордадағы Конгресс Холдың алдына жиналмақ болды. Бірақ сақадай сай тұрған полиция жасағы оларды бірін қалдырмай ұстап әкетті. 

«Үйіне алып барамыз, күн суық қой үйлерінде жатсын», — деді елордалық ПД бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев. 

Бұған қоса Қазақстанның бірнеше қалаларында қаралы митингтер өтіпті. Көпшілік Дулат Ағаділ әділдік үшін күрескен батыл азамат ретінде есінде сақтайды. Ал оның артында алты бала мен әйелі зар жылап қалды. 

stan.kz