Дулат Ағаділ денесіндегі «жарақат» туралы видео тарады

0

27 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді жерлеген күні интернетте белсендінің денесіндегі «жарақат» туралы видео тарады. Онда автор марқұмның сүйегі екі күндік сараптамадан кейін 26 ақпанда әкелінгенін айтып, денесін көрсетіп, «соққы іздері байқалады» деп тұжырым жасайды. Автормен қоса бірнеше адам марқұмның денесін тексеріп, саусағы қарайып кеткенін, иығы көгеріп, табаны ұрылғанын, арқасында жарақат іздері барын айтады.

Бұл видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде наразы жазбалар көбейді. Олардың көбі «Ағаділдің өліміне кінәлілер жазалансын, жалған ақпарат бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын» деген талап айтты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина «Үкімі: Өлтірілген. Министр Тұрғымбаевтың дереу отставкасын және Дулатты ұстаған штаттық киім киген төрт қызметкердің, тергеу изоляторы басшысының, кезекшінің қызметтен кетуін талап етемін. Шұғыл кетсін. Негізі осы. Дулаттың денесінде сау жері қалмаған, аяусыз ұрып-соққан. Ол қорғанған, саусақтары соны айтып тұр» деді.

27 ақпанда Азаттыққа берген сұхбатында марқұмның бауыры Қанат Ағаділ «соққы іздері жоқ, барлық жайтты арнайы прокурорлардан сұраңдар, солардың қолында 3 сағат 50 минуттық видео бар» деп айтты.

Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров Дулат Ағаділдің «денесін тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады» деген.

– Таңғы 6-ларда тұрғаннан кейін дәретханаға кетеді. Одан шығысымен тізерлеп отырып, есінен танып құлап қалған. Камерадағылар Ағаділдің денсаулығының нашарлағаны туралы бақылаушыға айтады. Ол алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысып, медициналық жәрдем шақырған. Келген жедел жәрдем қызметі Ағаділдің көз жұмғанын тіркеді. Денесін қарауы кезінде зорлық-зомбылық жарақаттары анықталмады. Алдын ала сарапшылардың диагнозы – жүрек қантамырларының жетіспеушілігі.

Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.

Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

26 ақпанда Алматыда 70-80 адам қалалық прокуратураға барып, Ағаділдің өлімін әділ әрі ашық зерттеуді талап еткен.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз