«Арманым – балалар бір-бірімен араласса деймін»: Айқын Төлепберген екі әйелден туған балаларының басын қосқысы келіп жүр — Қазақстан жаңалықтары
Айқын Төлепберген екі әйелден туған балалары болашақта бір-бірімен араласып, бауыр болғанын армандайды. Екінші әйелі Жұлдыз Айқынның қатты балажан екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Айқын өте балажан. Қамқор әке. Сұраған ойыншықтары мен заттарын алып беруге тырысады. Түнде жаялық ауыстырады деп айта алмаймын. Бірақ балалардың суын әкеп береді. Әжетханаға апарады», – дейді Жұлдыз.
Сол себептен де Айқын екі әйелінен туған балаларының болашағына қатты алаңдайтын сияқты. Олардың бір-бірінен алыстап кетпеуін қадағалайтынын айтады.
«Ең басты мақсатым – балаларды бір-бірімен араластыру. Төртеуінің басын бір жерде қосу. Бір-біріне бауыр қылу. Олар екеуін жақсы көреді. Бұлар да ағаларын жақсы көреді. Біреулер «Басқа біреуге үйленгеннен кейін балалар бір-біріне алыс болады» деп айтады. Бос әңгіме. Өйткені біз өз болашағымызды өзіміз жасаймыз. Арманым – балалар бір-бірімен араласса деймін. Ата-анамыз аман болсын. Киномыз сәтті шықсын. Хит әндеріміз бола берсін. Арман көп», – дейді Айқын Төлепберген.
Әнші соңғы уақытта кино саласына бет бұрған. Комедия жанрында түсірілген фильмде басты рөлді өзі мен Жұлдыз ойнайды. Сондай-ақ, екі ұлын және қызын түсірген. Фильмнің бюджеті 60 миллионға шыққан.
«Мен сценарийді Әуез деген жігітпен жарты жыл жаздым. Бірақ сценарий көңілден шықпады. Сөйтіп ары-бері ойланып Дархан Сәркеновпен кездестік. Ол киноны түсіретін болды. Дархан Саид деген сценаристің барын айтып, соған жазғызайық деп ұсыныс тастады. Сөйтіп сценарийді Саид пен Дархан үш күнде жазып шықты», – дейді Айқын.
Фильмнің бір эпизодына Төреғали Төреәлі де түскен. Айқын киноға түспес бұрын актерлік шеберліктен сабақ алған.
«Кино түсіру барысында қиыншылық болды. Архат деген досым екеуміз 30 миллионнан қосып, кино түсіруге келіскен болатынбыз. Режиссермен жұмысты бастап жатқан кезде досым Семейден Астанаға келе жатқанда жолда жылқыны қағып кетіп, комаға түсіп қалады. Сөйтіп бір жетідей жатты. Туысқандарынан жағдайын сұрағанымда досыма әлі бір ай ем-дом жасалатынын айтты. Жарты ақшамен қаламын. Үйді ма, көлікті ма сатамын деп отырғанымда екі досым қаржылай көмектесіп қалды. Сөйтіп үшеуміз осы фильмді түсіріп шықтық», – дейді әнші.
Фильмнің алғашқы түсірілімінде Айқын қатты ауырып қалған. Ол омыртқасына суық тигізіп алыпты. Тіпті орнынан қозғала алмай қалған.
«Киноның басында қар жауып, күн суытып кетті. Жұлдыз екеуміз далада түстік. Оған дейін Ақтауда түсірілімге барып келдім. Таңертең орнымнан тұрайын десем, басымды көтере алмай қалдым. Не бұрыла алмаймын. Сөйтсем омыртқама суық тиіп, жарығы асқынып кеткен. Не сөйлей де алмаймын, аяғым да істемей қалды. Түсірілім тобы 50 адам мені күтіп тұр. Олардың жалақысы, тамағы бар. Медбике шақырттым, дәрі салдырдым. Бірақ ол көмектеспеді. Кейіннен тағы бір дәрігер келіп, омыртқама үлкен ине сұқты. Содан кейін ғана орнымнан тұрдым. Бірақ омыртқа жарығы негізі үш ай емделеді. Оған уақыт жоқ, кино түсіру керек. Сөйтіп кинода ақсаңдап жүріп ойнадым», – дейді қиыншылықтарымен бөліскен Айқын Төлепберген.
stan.kz