Ломбард басшысы халықты қалай алдағаны белгілі болды
Қысқа сілтеме алу
«Гарант24 Ломбард» азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейін 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен сатқан
НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. «Гарант24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС-ның негізін қалаушы және басшылары Ақтөбе облысының тумасы. Олар аталған компаниялардың заңсыз қызметін ұйымдастырған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ломбардтар өз қызметін өткен жылдың қазан айында бастаған. Азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу арқылы құрылған.
Салымшыларды көптеп тарту үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген. «Whats App» мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшы кірген. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен сатқан.
Бұдан басқа, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылатын.
Оқи отырыңыз: Қуат «Найман» Хамитовтың басы бәлеге қалды
Осы жылдың 15 ақпанында серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен бой тасалаған. 19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы «WhatsApp» чатында салымшыларға «Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рахмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!» деген хабарлама қалдырған.
Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ ақша қаражаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастаған.
ІІМ тергеу департаментінің және аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Бүгінгі күні қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 2 мыңнан астам өтініш келіп түсті.
Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізілді, бірлескен қызмет туралы шарттар, бухгалтерлік құжаттама, Ноутбуктер, оргтехникалар, зергерлік және басқа да бұйымдар алынды.
Құжаттарға қарағанда, компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша келтірілген шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңгеге бағаланады.
Бірнеше басшы ұсталды: Қазақстан ломбардтарында не болып жатыр
Аталған фактілер бойынша 190 (алаяқтық) және 217-бап (қаржы пирамидасы) негізінде 22 қылмыстық іс тіркелді.
13 адам қамауға алынды. Мемлекетаралық іздеудегі 9 күдікті анықталды, оның ішінде А. П. Мырзабеков бар.
«Соңғы уақытта алаяқтық фактілер туралы өтініштердің саны артты. Қалыптасқан жағдай азаматтардың тез табысқа кенелгісі келетінін көрсетеді. Осы мақсатта олар күмәнді ұйымдармен ойланбастан мәмілелер жасайды, қысқа мерзімде үлкен сыйақы алудан үміттеніп, әлгіндей ұйымдарға жинақ салады. Мұны алаяқтар сәтті пайдаланып, әр түрлі схемаларды қолдана отырып, қаржылық пирамидалар құрады», – деп атап өтті тергеу департаменті.
sputniknews.kz