Қаржы пирамидасына алданғандар Ақтөбе әкімдігіне тағы да барды

0

Бүгін, 24 ақпанда түстен кейін Ақтөбеде облысы әкімдігі алдына қаржы пирамидасына алданған салымшылар тағы да барды. Олар басшылары «қаржы пирамидасын құрды», «алаяқтықпен айналысты» деп айыпталған «Gold», «Гарант 24 Ломбард», «Выгодный займ» қаржы ұйымдарынан ақшаларын қайтаруға көмектесуді сұрады. Олармен қала әкімі Мавр Абдуллин мен облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов кездесті. Салымшылар кеше, ақпанның 23-іне де осылай әкімдік алдына барған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ғимаратында қаржы пирамидасына алданып, шағым түсірген салымшылар көбейген.

Алданғандардың бірі, 23 жастағы Данияр есімді Ақтөбе тұрғыны өзіне «Гарант 24 Ломбард» 13 миллион теңге берешек деп санайды. Ол Армениядан әкелген көлігін кеден алымының қымбаттығына байланысты тіркете алмайтын болған соң, 3 миллион 700 мың теңгеге сатуға шығарғанын, «Гарант 24 Ломбард» 4 миллион теңгеге сатып алғанын айтады.

— Өзім заңгермін, бірден сенбедім. 1 жыл 8 ай жұмыс істеген ЖШС екен. Көптеген өнер адамдары жарнамалады. Ақшамды бөліп төлейтін болып, мәшинемді сол күні екі миллион екі жүз мың теңгеге сатты. «Сіз ақша, біз уақыт ұтамыз» деді. Сосын әкемнің Қазақстанда тіркелген 2014 жылғы Toyota Camry 50 маркалы көлігін де 7 миллион теңгеге бағалап өткіздім. Орнына Toyota Camry 70 маркалы көлік аламыз деп ойладық. Ломбард құрылтайшысы жергілікті азамат болған соң тағы да 3 миллион теңге беріп, ақырында бәрінен айырылдым,- дейді ол.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің айтуынша, «Гарант 24 Ломбард» ЖШС салымшылардың бірінен алған ақшаны екіншілеріне бөліп берген, кәсіпкерлікпен айналыспаған, Ақтөбе бөлімшесінің басшысына іздеу жарияланған. Оның кеңсесінен 20 ақпанда 11 мыңға жуық салымшымен келесімшарт табылған.

«Қаржы компанияларына алдандық» деген адамдар ақпанның 21-іне Тараз, Нұр-Сұлтан қалаларында да акция өткізген еді.

Azattyq