Ломбардты жарнамалаған «Найманның» басы бәлеге қалды

0

Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтарды алдап соққан «Гарант 24» ломбардының басшылары ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандық файтер Қуат «Найман» Хамитовтан «Гарант 24» ломбардын жарнамалағаны үшін түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қайда біздің ақша? Ломбард 24-ке сен шақырған соң, барып салдық машинамызды?»

«Мұның басы ауырмайды, кара басын ойлайтын адам ғой»

«Ломбард 24 алаяқтарына неге жарнама жасайсыздар? Халықтың ақшасын алып тайып тұрды! Халыққа пайдаларын болмаса, тым болмаса зияндарыңды тигізбеңдер!»

«Ақша кез келген адамды сөйлетеді екен. Ломбард 24 жарнамасына түсіп, қанша адамды сендіріп, енді үнсіз отыру дұрыс емес!!!» – деп ашуланып жатыр желі қолданушылары.

Десе де «Найманға» араша түскендер де бар.

«Қуат сендерді сүйреп апарғандай сол жерге, ол белгілі тұлға ретінде жарнама жасады. Білсе, ол да жасамас еді. Тікелей Қуатқа хабарласып, салайық па деп сұрадыңдар ма? Жоқ, әрине. Сондықтан өз қателіктерің үшін өздерің жауап беріп үйреніңдер».

«Халайық, «Гарант 24″ үшін оған неге тиісіп жатсыңдар? Қуатқа жарнама үшін ақша төледі – ол өз ісін жасады. Бұл бизнес, басқа ештеңе де  емес. Ол сол кеңсенің қожайыны, құрылтайшысы емес. Сұрайтын адамды тапқан екенсіңдер».

«Әркім өз ісіне өзі жауапты әрдайым. Баста ми болса, олай болмас еді».

Қазақстан ломбардтарында не болып жатыр

21 ақпан күні Қазақстанның бірнеше қаласында «Гарант 24» және «Estate Ломбард» салымшылары компания кеңсесіне жиналып, салған ақшасын қайтап беруді талап етті. Полиция «Гарант 24» компаниясына қатысты тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.

Құқық қорғаушылар ломбард иелерінің әрекетінен сан соғып қалған қазақстандықтарға полицияға арыздануға кеңес берді.

Тағы оқыңыз: «14 мың сал да, 114 мың ал»: сарапшы жаңа қаржы пирамидасы туралы шындықты айтты

Атыраудың өңірлік басылымдары Home Avto Invest ломбардының салымшылары филиал басшысын тұтқынға алғанын хабарлады. Кейінірек Атырау облысының полициясы ломбард директорының бейнеүндеуін таратты. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Клиенттердің шағымынан кейін Тараз, Павлодар және Қарағандыдағы ломбардтардың қожайындары қамауға алынды.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі түсіндіргендей, «Гарант 24» және «Estate Ломбард» ломбардтарының қызметінен қаржы пирамидасының белгілері байқалған.

sputniknews.kz