Вице-министр: Қазақстандықтар енді бір ғана құжатпен жұмысқа орналаса алады — Қазақстан жаңалықтары
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев енді жұмысқа кірген кезде тек қана жеке куәлік қажет болады дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Вице-министрдің сөзінше, қазір жұмыспен қамту саласында enbek.kz электронды еңбек биржасы жобасы мен электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде жаңа өзгерістер орын алуда.
«Еnbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы екі жылда 1 млн астам адам жұмысқа орналасқан. Портал ашылған сәттен бері 913 мың жұмыс іздеуші мен 192 мың жұмыс беруші тіркелген. Дәл осы еңбек биржасы ашылған соң еліміздегі жұмыспен қамтылғандар саны 17% артты», — деді Мұқышев.
Шенеунік былтыр денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында медициналық университеттерін тәмәмдаған жас мамандарға өздері барғысы келген елді аймақтарды таңдау мүмкіндігі берілгенін мысал ретінде айтып кетті.
«Бұрын елдімекенді таңдау үшін әкімдіктерге жүгіну қажет еді. Биыл электронды еңбек биржасына мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Республика бойынша барлық бос жұмыс орындары осы жүйеге топтастырылады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен тиісті жұмыс жүргізілді», — деді вице-министр.
Бұған қоса ол «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» арқылы алдағы уақытта бір ғана құжат — жеке куәлікпен жұмысқа орналасуға болады дейді.
«Бұрын жұмыс берушінің талабымен бірнеше құжат жинауға тура келетін. Шарттардың электронды түрде сақталуы жұмыс берушілердің шартты басып шығару және сақтау шығындарын, осы процесті жүргізу үшін штатта бірнеше адамның болуы сияқты шығындарын азайтады», — деп қосты шенеунік.
Бұл пилоттық жоба 2018 жылы ашылған. Аталмыш жүйеге 26 мың ұйым тіркеліп үлгерген, оған қоса 1 млн астам еңбек шарттары енгізілген.
«Бұл жобаның енгізілуі еңбек құқықтарының сақталуына, жалған құжат жасау қаупін азайтуға көмектеседі. Биыл Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер қабылданып, шарттарды осы жүйеде жүргізу міндетті болады деп сенеміз. Бұдан басқа, біз қызметкердің жеке ісін автоматтандыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деп қорытындылады Мұқышев.
stan.kz