Полицейлер көлік шамының сынықтары арқылы ауыр қылмысты ашты

0

Алматы облысында жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші бір жарым тәулік ішінде ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Алматы облысының полициясы жаяу жүргінші қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалаған жүргізушіні ұстады, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.  

Шымкентте жүргізуші жасөспірімді қағып өлтіріп, қашып кетті

Іле аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне түнгі 00-30 мунут шамасында Боралдай ауылынан хабарлама түсіп, жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткенін және жедел жәрдем жеткенге дейін оның оқиға орнында қайтыс болғанын жеткізген. Қаза болған 52 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Белгісіз автокөлік оқиға орынан із суытқан, ал жол-көлік апатының куәгерлері жоқ.

«Оқиға орнын мұқият қарау барысында тәртіп сақшылары көліктің жарық шамының сынықтары мен бояу белгілерін тапқан. Сол бөлшектердің арқасында жол апатын жасаған көліктің түр-түсін анықтауға мүмкін болды. Ол жасыл түсті «Toyota Rav 4″ көлігі болып шықты»,- деп хабарлайды Алматы облысы ПД ЖПҚБ іздеу тобының аса маңызды істер бойынша аға инспекторы полиция подполковнигі Ерлан Кәрібаев.

Ол жан-жақты жедел іздестіру жұмыстары ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Бір жарым тәулік ішінде көлік апатына қатысы бар темір тұлпар табылып, 35 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Көлік арнайы тұраққа тоғытылды», — деп түйіндеді полиция подполковнигі.

 



sputniknews.kz