Тоқаев жаңа бас мүфтимен кездесті
Қысқа сілтеме алу
Кездесуде ел президенті жат діни ағымдардың зиянды әрекеттері туралы айтып, халықты бірлікке шақыру қажеттігін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Әзірет-Сұлтан мешітіне барып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңадан сайланған бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Президент бас мүфтиді жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Кездесу барысында елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтау, дін арқылы азаматтарды келісім мен ынтымаққа шақыру, рухани бағдар беру қажеттілігі мен жат діни ағымдардың зиянды әрекеттері жайында айтылды.
«Халықты татулыққа, бірлікке, пәтуаға шақыру керек. Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үдерістер пайда болып жатыр. Сондықтан бұған тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Ел мүддесіне қызмет етіп, осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Тоқаев.
Бас мүфти мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстары мен қайырымдылық шараларының жоспарын таныстырды. Басқарма жұмысы имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік сияқты жеті рухани қазыққа негізделмек.
Осы жылдың 7 ақпанында Наурызбай қажы Тағанұлы бас мүфтилікке сайланды.
Бұрынғы бас мүфти Серікбай қажы Ораз денсаулығына байланысты қызметінен кетті.
Тағы оқыңыз: Жаңа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жайлы не білеміз?
Серікбай қажы 2017 жылдың 8 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти болып сайланған еді.
sputniknews.kz