Жеті балаға 139 мың теңге шықты

0

Көпбалалы ана осыдан 8 жыл бұрын күйеуінің жұмысына байланысты елордаға Шардарадан қоныс аударған. Бүгінде тұрмысы төмен отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алады

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Биылғы қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта тағайындалып, оған Нұр-Сұлтан қаласындағы 2 мыңнан астам отбасы өтініш өткізген, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының барлық мүшесі үшін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың бірі – жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Айгүл Қойлыбаева. Өз сөзінде көпбалалы ана АӘК арқылы балаларының тегін оқитындығын атап өтті.

«Осыдан 8 жыл бұрын күйеуімнің жұмысы бойынша елордаға Шардарадан қоныс аудардық. Жұбайым техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істейтін, мен бала күтімі бойынша үйде отырдым. Бірақ, өкінішке қарай 2016 жылы ажырасып кеттік. Аз қамтылған отбасы ретінде сол жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекке іліндім. Мінекей, бүгін жаңа форматтағы АӘК-ті алып қуанып отырмыз, жеті балаға 138 851 теңге шықты», — дейді Айгүл Қойлыбаева.

Айтуынша, АӘК арқасында 2 баласы колледжде тегін оқиды екен, шәкіртақы, жол жүру билеттерімен қамтылған. Мектептен де көп көмек алған. Балаларына ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу құралдары тегін беріледі. Сондай-ақ көпбалалы ана тігін курсына жазылып, өз бизнесін ашуға ниетті екенін білдірді.

«Қазіргі кезде тігін курсына оқуға тіркелдім. Алтай Көлгінов мырзаның арқасында Тұрсынзада ханымның шеберлік сабағын оқып, бүгінде тігін машинасымен жастық, құрағымды тігемін. Енді тек өндіріс жағы қиынға түсіп тұр. Ендігі мақсатым —  отбасылық бизнесті ашу. Үлкен ұлым арманы бойынша пиццахана ашып бергім келеді. Бизнес жоспарын грант алуға тапсырдық, жауабын тосып отырмыз», — деді ол.

Оқи отырыңыз: Кейбір көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы екі есеге артады

Бес баланың анасы Ұлданай Айтқұлова да бүгін әлеуметтік көмекті алғанына дән риза. Елордаға 2008 жылы қоныс аударған отбасы болашақта шаштараз ашуды жоспарлап отыр: «Елордаға алғаш келгенімізде пәтер жалдаудан қиындық көрдік. Қазір бұл мәселе бойынша туыстарымыз көмек көрсетіп жүр. Жаңа форматтағы АӘК алуға құжат тапсырып күттім, кеше көмекті алушылар тізіміне ілінгенімді білдім. Балалардың несібесі шығар деп қуанып отырмын. Болашақта жолдасыммен бірге салон ашып, кәсіп дөңгелетсек деп отырмыз. Бала күтімі бойынша әзірге жұмыс жасамаймын, бірақ шаштараз маманы курстарын қарап жүрмін», — дейді елордалық ана.

Болжам бойынша, осы жылы 4 мыңнан астам отбасы АӘК-пен қамтылады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға олардың табыстарына қарамастан, мемлекеттік балалар жәрдемақысы енгізілді.

 



sputniknews.kz