Тоқаев Абаевқа масс-медианы қолдау шараларын қабылдауды тапсырды
Қысқа сілтеме алу
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевты Ақордада қабылдады
НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Кездесу барысында бірқатар маңызды мәселе талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Атап айтсақ, президентке мемлекеттің ақпараттық саясатының тетіктерін жетілдіру, азаматтық қоғаммен ықпалдастықты нығайту, жастардың бастамалары мен жобаларына қолдау көрсету, сондай-ақ, диаспоралық және діни саясат бағытында жоспарланған шаралар туралы баяндалды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев волонтер жылының тиімді өткізілуіне, еріктілерге қолдау көрсетудің нақты институттарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды», — делінген ақпаратта.
Қазақстан президенті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға азаматтық қоғамды тартудың, «Ашық үкімет» қағидаттарын дамытудың маңызы зор екенін айтты.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы қазақстандық масс-медианы қолдауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.
sputniknews.kz