Мәдениет министрлігі: Әнші фонограмма жайлы алдын ала ескертуі керек

0
7

Әнші фонограммамен ән айтатын болса, ол туралы алдын ала билет сатылмай тұрып, жарнама берер кезде ескертуі қажет, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы мәдениет және өнер департаментінің директоры Күміс Сейітова мәлімдеді.

«Бүгін ҚР мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен төрт орталық ашылды. Олар мұражай, кітапхана, театр және концерт салаларына арналды. Бұл орталықтардың жұмысын министрлікке қарасты мәдениет және өнер департаменті өз қадағалауына алады. Қазіргі таңда Қазақстанның концерттік-гастрольдік бағыты бір қалыпты емес деп айтсақ болады. Бір уақытта бір аймақтағы концерттік ұйымдар іс-шаралар ұйымдастырып жатады. Бұл дұрыс емес. Біз олардың жұмыстарын ретке келтіреміз», – деді Күміс Сейітова.

Бұған қоса ол жаңа орталықтардың қандай мәселелерге көңіл бөлетіндігін айтып кетті.

«Қазір біз еліміздің мәдениет туралы заңына өзгертулер енгізудеміз. Бірнеше сұрақтарды талқыға салдық. Біріншіден, егер орныдаушы фонограммамен ән салатын болса, ол бұл жайлы алдын ала ескертуі міндетті. Яғни билеттер мен жарнама берілмей тұрып ұйымдастырушы тарап пен министрлік бұл туралы хабардар болуы керек. Қалған жайттар заң өз күшіне енгеннен кейін айтылады. Екіншіден, әншінің концерт кезінде жағдайы дұрыс болуы шарт. Үшіншіден, өнерпаздың әндеріндегі дөрекі сөздерге тыйым салынады. Бұл заңды құрастырғанда қоғамның пікірлері де ескеріледі», – деп қосты шенеунік.

Бұған дейін қазақстандық әншілерді көрермендерге фонограмма қолданатынын ескертуге міндеттейтіндігі жайлы айтылған еді.

 

stan.kz