Министрліктерде қанша мемлекеттік қызметші қысқартылады?

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Қысқартылған штаттан үнемделген ақша білікті, кәсіби мамандардың жалақысын арттыруға жұмсалады деп көзделіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан – Sputnik. Министрліктерде қанша мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылатыны осы жылдың желтоқсан айына дейін белгілі болады. Бұл кейбір өкілеттіктерді жергілікті атқарушы органдарға берумен байланысты болып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл Шайымова қанша мемлекеттік қызметші қысқартылатынын айтқан жоқ. Себебі қазір функционалды талдау жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Министрліктерде қысқаратын штат саны тек соның қорытындысынан кейін белгілі болмақ.

«Кешенді талдау осы жылдың желтоқсанына дейін аяқталады», — деді Шайымова мәжіліс кулуарында. 

Тағы оқыңыз: Министрліктер жұмысына қатысты өзгерістер болады

Ол мемлекеттік органда бір функцияны бір ғана адам атқармайтынын атап өтті. Бір қызметке бірнеше адам жұмылдырылуы мүмкін, сол себепті әр функцияны жеке дара қарастыру керек.

«Бұл бір күннің жұмысы емес. Белгілі бір уақытты қажет етеді. Парламентте заң жобасы қаралып біткенге дейін бұл жұмыс аяқталады деп ойлаймын», — деді вице-министр.

Шайымова бұл әлеуметтік мәселе болғандықтан, мемлекеттік қызметшілер механикалық түрде жаппай қысқартылмайды деп сендірді.

Қысқарту немен байланысты

Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Оған сәйкес, үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасында өкілеттіктер қайта бөлінеді.

Үкіметтен министрліктерге 88 өкілеттік, орталықтан өңірлерге үш функция, облыстық деңгейдегі кейбір өкілеттіктер аудандық деңгейге беріледі. Сондай-ақ, министрліктер арасында екі функция қайта бөлінеді.

Қысқартылған штаттан үнемделген ақша білікті, кәсіби мамандардың жалақысын арттыруға жұмсалады.



sputniknews.kz