Жанжал болған Масанчи ауылында үйінді астынан адамның денесі табылды

0

Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында өртенген сауда орталығының қалдықтарын тазарту кезінде үйінді астынан адамның күйген денесі табылды. Бұл ақпаратты 13 ақпанда Қордайдағы оқиға бойынша құрылған үкіметтік комиссия жетекшісі Бердібек Сапарбаевтың баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов хабарлады. Оқиға 11 ақпанда күндізгі сағат 12:00 шамасында болған.

«Мәйіттің жеке басын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жедел алдын алу шаралары жүргізілуде» делінген Құлшыманов таратқан қысқа хабарламада.

Марқұмның өлімінің Қордайдағы жанжалға байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тапты. 40-тан астам адам жараланған. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 15 ғимарат пен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенді. Жанжалдан соң мыңдаған адам Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.

Кейбір сарапшылар Қордайдағы жанжал елдегі әлеуметтік жағдайдың, ауыл халқының тұрмысының төмендігін, Қазақстан билігінде мұндай қиын жағдайларды тез шешетін механизм қалыптаспағанын көрсетті деп санайды.

Видео: Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары (11 ақпан 2020 жыл).

Қақтығыстың нақты себебі де ашық айтылмады. Ал жергілікті тұрғындардың сөзінше, бірнеше адам жолға таласып, көрші ауылдарда тұратын қазақтар мен дүнгендер жаға жыртысып қалған. Бұл төбелестен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.

Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бірақ қанша адам ұсталғанын ашып айтпай отыр. Тек жанжал кезінде 19 полицейдің зардап шеккенін хабарлады.

Оқи отырыңыз: «Ұлтаралық келісімнің» қауқарсыз моделі. Қордайдағы жанжал нені аңғартты?​

Жанжалдан кейін Жамбыл облысының әкімі мен прокуроры ауысты.

Azattyq