«Аруақ жер таңдамайды, отырып қалған қыз бай таңдамайды»: Абайтанушы Омар Жәлел айтқан сөзі үшін ақталмайтынын айтты — Қазақстан жаңалықтары
«Қыз-тауар. Ата-ана сол тауарды өткізуі керек». Бұл Абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлының өз теңін әлі таба алмай жүрген қыздарға айтқан сыны мен ақылы. Отандық бағдарламалардың бірінде «Сүйгенді табу қиын ба» тақырыбында пікірталаста өз ойын айтқан ғалым мырза сөзінен «жаңылып», отандық блогерлер өре түрегелді. Stan.kz тілшісі Омар Жәлелдің өзіне хабарласып бұлай айтудағы мақсаты не екенін сұрап білді.
Белгілі ғалымның бұл айтқан пікірі желілерде қызу талқыға түсті. Редактор, сценарист, продюсер Перизат Мырзахмет бұл пікірге байланысты өз инста-парақшасында жазба қалдырып, Жәлелұлының сөзіне шамданған болатын. Перизаттың пайымынша, көпшілік алдына шыққан соң айтылған әр сөзге абай болу керек дейді.
«Барлығы тек тауар деген сөзге бола қарсы шықты деп ойлап жатыр. Белгілі бір деңгейде тауар дегенін метафора деп айтып ақталатын шығар. Өйткені, кезінде Ақан сері «Қызға бермес жануарым» деп Құлагерді сипаттап, бізді малға да тең көрмеген. Оған көз жұмайық. Бірақ одан басқа бағдарламада педофилді қорғап, оқушы қызды зорлаған адамның сөзін сөйлеп, еркектік қыламыз деп жақтады. Келген кейіпкер оқушы қызды жүкті етіп қойды, сонда да көне берейін бе деп сұрады. Сонда біз еркектік қылып қоямыз, көнесің деді. Одан кейін «аруақ жер таңдамайды, отырып қалған қыз бай таңдамайды» деп бір тиісті. Сонда қазақтың қыздары өзіне жар таңдамай, ұнаған адамына шықпай немесе екінші әйел болып күйеуге шыға беру керек пе?! Біз соған қарсы шықтық. Онсыз да езгіде тапталып жүрген қыз-келіншектерді біз одан сайын жерге ұрмайық деген ой. Әйелдерді дамытайық, білімін тереңдетейік, санасын ашайық деп шырылдап жүрміз. Өйткені, санасыз әйелден санасыз ұрпақ шығады. Ұлт өспейді», — деген Перизат Мырзахмет Жәлелұлының жеке басына қатысты ешқандай қарсылығы жоқ екенін, ғалым ретінде талдауларын бағалайтынын айтты.
«Халықтың алдына шыққан соң ауыздан шыққан сөзге абай болу керек. Мұндай сөздерді естіген дарақы еркектер одан сайын құтырып кетеді. Әйел сезіне алады, әйел ойлана алады, әйел шешім қабылдай алады. Осыны басты қағида етіп, есімізде ұстауымыз керек», — деген журналист қоғамда әйел адамның өз орын барын және оған құрметпен қарап үйрену керектігін айтады.
«Дін тұрғысынан алсақ та әйелдің міндеттері мен қоса құқықтары да бар екенін айтып кетеді. Адами, діни, қай жағынан алсаң да әйелдің құқықтары бар. Сол құқықтар біздің қоғамда тапталып жатыр», — дейді Перизат Мырзахмет.
Инстаграм желісін белсенді пайдаланушы Лаура Арғын Абайтанушының бұл сөзін ғалым адамға тән деп есептемейді.
«Қазақ еркектері үшін әйел адам емес. Қанша жерден ғалым, абайтанушы болғанмен, бірақ ұлудың миындай миы жоқ екен. Ең қорқыныштысы, Омардың сөзіне басқа еркектер құлақ түреді, бірақ ондай азаматтар аз шығар деп үміттенемін», — деген Лаура еліміздегі әйелдер қауымына деген көзқарастың әлі де болса түзелмегеніне қынжылады.
«Шындығында бұл тақырыпқа келгенде тағы не айтарымды білмеймін. Қазақстанда әйелдерді үй қызметшісі сияқты қарайды. Ол кісіні қалай философ, ғалым болғанын білмеймін, оның айтып отырғанының өзі сауатсыздық қой. 2020 жыл болғанына қарамай біз әйелдің не істеп, не істемеу керектігін әлі талқылап, қоғамға не пайда әкеле алады деп бас қатырудамыз», — деген Лаура қыздар тарапына жасалған төмендету екенін, еркектер ел көріп, танымын кеңейтсе екен дейді.
Омар Жәлелұлы өз адресіне жазылған осындай қарсы пікірлердің барлығын көзге ілмей, жауап бермей отыр. Өзіне хабарласып сұрағанымызда: халықтың алдында не үшін тауар деп айтқанымды түсіндірдім енді сұхбат бермеймін ақталғандай болмайын деп қысқа қайырды. Сондай-ақ, айтқан пікірі дұрыс екенін, бұлай айтуда ар жағында жаман ой жоғын, өресі жетпеген адамдар қате түсінсе өздерінің мәселесі екенін түсіндірді.
Дайындаған: Жанна Мәлік
stan.kz