Жамбылда 248 қыз жүкті болып қалды: шенеунік министрліктен көмек сұрады   

0

Жамбыл облысында былтыр кәмелетке толмаған 248 қыз жүкті болып қалса, оның үштен бірі көрші облыстар мен Қырғызстаннан келгендер екен

НҰР-СҰЛТАН, 6  ақпан – Жамбыл облысының әкімдігі денсаулық сақтау министрлігінен ерте жүкті болып қалғандарды жылдам анықтау үшін электронды базаға олардың тұрғылықты жері мен оқитын мектебін енгізуді сұрап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, Жамбыл облысында 2018  жылы кәмелетке толмаған 364 қыз жүкті болып қалса, былтыр олардың саны 248-ге дейін азайған.

Перзентханада сегіз бірдей қызметкердің аяғы ауыр болып қалды

«Олардың арасында 16 жасқа дейінгі қыздардың саны – сегіз. 71-і — көрші облыстар мен Қырғызстаннан келгендер», деді ол Nur Otan партиясында өткен жиында.

Осы ретте Құрманбекова денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс айтты.

«Бүкіл республикада электронды база бар екен. Бірақ, ол электронды базаға оқушының тұрғылықты жері, оқитын орны көрсетілмейді. Сондықтан біз егер ерте жүкті болып қалған қыз біздің облысқа тіркелсе, іздеп отырамыз. Осы мәселеде денсаулық сақтау министрлігі кішкене қолдау көрсетсе», — деген өтінішін білдірді әкім орынбасары.

Сонымен қатар, ол балалар арасындағы суицидке де тоқталды. Айтуынша, суицидтің алдын алуға бағытталған шараларға қарамастан, 2018 жылға қарағанда өзіне қол салу оқиғасы екі есеге өсіп, 2019 жылы он екіге жеткен.

«Жалпы мұның бәрі үйінде, кешкі уақытта болған. Тергеу қорытындысы бойынша тоғыз оқиғаның себептері анықталмады, ал үшеуі отбасындағы кикілжің, реніш пен ызалану салдарынан болған. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасымен біз психологиялық тәрбие орталығын ашуды қолға алып отырмыз», — деді Құрманбекова.

Сондай-ақ балалар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу, шұғыл әрекет ету алгоритмі бекітілген.

sputniknews.kz