Home Жаңалықтар Абайдың 175 жылдығы: Алматыда ақынға ескерткіш қойылды

Абайдың 175 жылдығы: Алматыда ақынға ескерткіш қойылды

0
85

Алматы әкімі Жетісу ауданында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуберді Бинашев

АЛМАТЫ, 6 ақпан — Sputnik. Алматыда Абай Құнанбайұлына ескерткіш-бюст ашылды. Бюст авторы Тілеуберді Бинашев  Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында ескерткішті қаланың Жетісу ауданына сыйға тартқанын айтты.

«Алматы қаласының Жетісу ауданында тұрып жатқаныма 50 жыл болды. Ол жерде менің шеберханам, жеке мұражайым орналасқан. Мен өз ауданыма сыйлық жасағым келді. Ескерткішті жасауға бір ай шамасында уақыт жұмсадым. Оған қоса, бұл менің Абайдың алдындағы борышым. Маған оның шығармашылығы ұнайды – ол мені шабыттандырады», – дейді Тілеуберді Бинашев.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Алматыда Абайға ескерткіш қойылды

Ескерткіш Жетісу ауданы әкімдігі ғимаратының жанындағы «Гүлдер» гүлзарында орнатылды. Ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, танымал жазушылар мен абайтанушылар қатысты.

«Абайдың мерейтойы – бұл мәдениет пен әдебиет қайраткерлерінің, сөз шеберлері, жалпы шығармашылықпен айналысатын барлық адамның мерекесі. Ұлы ақын, философ, ойшыл Абайдың мұрасы және насихаты қазақ халқының байлығы», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Ескерткіш гранит пен қоладан жасалған. Мүсінші Тілеуберді Бинашев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық суретшілер академиясының мүшесі, Ресей көркемөнер академиясының құрметті мүшесі, Құрмет орденінің иегері.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Алматыда Абайға ескерткіш қойылды

Бинашевтің Алматыдағы жұмыстары  – Күләш Байсейітова, Құрманғазы, Ахмет Жұбанов ескерткіштері, Райымбек даңғылындағы этнографиялық мүсіндер, сонымен қатар оның туындылары Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда тұр.

Қазақстандағы Абай жылы

2020 жылы Қазақстан ұлы қазақ ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мелекеттік деңгейде атап өтеді. Елімізде ақын мерейтойына арналған жүзге жуық іс-шара ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, Абайдың өлеңін оқыған мектеп оқушысы Ләйлім Шамшырақтың поэтикалық эстафетасын қазақстандықтар мен шетелдіктер қолдады. Челленджге президент Қасым-Жомарт Тоқаев, әнші Димаш Құдайберген, композитор Игорь Крутой, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов та қосылды.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

2020 жылы Қазақстан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мелекеттік деңгейде атап өтеді

Абай Құнанбайұлы – қазақ халқынын ұлы ақыны, философ-гуманист, композитор, көркем сөз шебері. Абай қазақ әдебиетіне таңсық жаңа өлең формасын енгізді. Ақынның шығармашылығында «Масгуд», «Ескендір» және «Әзім туралы ертегі» поэмалары ерекше орын алады.



sputniknews.kz