Қазақстан Қытайдан тауар әкелуді тоқтатқан жоқ
Қазақстан Қытайдан әкелетін және Қытайға таситын тауар жолын жапқан жоқ. Бұл туралы 4 ақпан күні Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысында Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта тауар сатушылардың кейбірі Қытаймен шекара жабылғанын айтып, тауар бағасын қымбаттата бастады. Осыған байланысты Қазақстан Қытайдан тауар әкелуді және Қытайға тауар жөнелтуді тоқтатпағанын хабарлаймын. Бұл – бағаны көтеру мақсатымен жасалған жосықсыз әрекет» деді министр.
Бұған дейін Қазақстан билігі 27 қаңтарда Қытаймен бірнеше бағыт бойынша автобус қатынасы, 1 ақпаннан бастап екі ел арасындағы темір жол қатынасы уақытша тоқтағанын мәлімдеген. Ал дүйсенбіде Қазақстан мен Қытай арасында әуе қатынасы да тоқтатылғаны хабарланды.
Министр «базар немесе сауда орталығында бағаны қымбаттату туралы сөз байласу фактілеріне куә болған» тұтынушылардан ол туралы хабарлауын өтінді.
Қытайда коронавирустың бұрын белгісіз болып келген түрі жаппай тарауына байланысты бірқатар ел шектеу шараларын енгізген. 4 ақпандағы соңғы мәліметі бойынша, осы кезге дейін Қытайда аса қауіпті коронавирустан 425 адам қайтыс болған, вирус жұқтырғандардың жалпы саны 20 438 адамға жеткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қаңтардың соңында короновирусқа байланысты халықаралық көлемде төтенше жағдай жариялады.