Ардавичус ақшаны қалай жымқырған — агенттік түсініктемесі
Қысқа сілтеме алу
Astana Motorsports командасының капитаны әрі директоры Артур Ардавичус бюджеттің қыруар қаржысын ұрлағаны үшін айыпталып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Артур Ардавичустың ісіне қатысты қосымша ақпарат жариялады. Қазақстан атынан Дакар жарысына қатысып жүрген Astana Motorsports командасының капитаны әрі директоры Ардавичус бюджеттің қыруар қаржысын ұрлағаны үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
№2 департамент басшысы Сергей Перовтың айтуынша, Ардавичус оқу-жаттығу мен жарыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ құрал-жабдықтарды сатып алу кезінде екі миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Қазіргі кезде ол шетелде бой тасалап жүр. Оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Біз онымен бір айдай байланыста болдық. Сөйлестік, елге келуге шақырдық. Алайда ол үзілді-кесілді бас тартты. Нақты себебін айтпады, жасаған әрекеттерін де түсіндіре алмады. Алдында әріптестікке дайынмын деп мәлімдеген. Бірақ ол сөзі де шындыққа жанаспайды», — деді Перов журналистерге берген сұқбатында.
Оның сөзіне қарағанда, Ардавичуспен бірге бюджет қаражатын жымқырған адамдар да анықталды. Бірақ олардың аты-жөнін жариялаған жоқ.
«Олар ақшаны қалай ұрлады? Ардавичус сан алуан шетелдік компаниямен келісімшарт жасаған. Сол компаниялардың арғы жағында өзі тұрды. Келісімшарттар бойынша оқу-жаттығу шаралары өткізіледі деген. Бірақ шын мәнінде ондай шаралар ұйымдастырылған жоқ», — деп атап көрсетті Сергей Перов.
Бұған дейін агенттік Astana Motorsports командасының директоры әрі капитаны Артур Ардавичус 800 миллион теңге жымқырды деген ақпарат таратқан. Қомақты қаражат осыдан екі жыл бұрын елдегі автоспортты дамыту үшін бөлінген.
Ал команда директоры оны қазақстандық және шетелдік компаниялар арқылы шығарып, иемденіп алған. Түсініктеме беру үшін бірнеше рет шақырылса да, спортшы шетелде екенін желеу етіп, келуден бас тартқан. Оған қатысты сырттай «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.
Айта кетейік, Astana Motorsports командасы «Астана» президенттік клубының құрамына кіреді. Оны «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры қаржыландырады. Команда капитаны Ардавичус 2012 жылы «Дакарда» қола жүлде иеленген.
sputniknews.kz