Тоқаев Қазақстанның бірқатар мемлекеттердегі елшілерін тағайындады
Президент жарлығымен Ермек Көшербаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды деп хабарлады 29 қаңтарда Ақорда сайты. Ол сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылған.
Бұған қоса, президент жарлығымен Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болат Иманбаевқа Бруней-Даруссаламдағы төтенше және өкілетті елші қызметі қоса жүктелген. Президент жарлығына сәйкес, Қазақстанның Швейцариядағы елшісі Әлібек Бақаев бұдан былай Қазақстанның Лихтенштейн князьдігі, Ватикан, Мальта орденіндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарады.
2019 жылы 18 желтоқсанда Иманғали Тасмағамбетов «зейнет жасына жеткендіктен» Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылған еді. 9 желтоқсанда ол 63 жасқа толған. Советтік комсомол жетекшісі, тәуелсіз Қазақстанда әкім, министр, премьер-министрге дейін өскен Иманғали Тасмағамбетовті бұл қызметке 2017 жылы ақпанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған болатын.
Оқи отырыңыз: «Өз еркімен кетудің шарты бар». Тасмағамбетовтің зейнетке шығуына реакция