Алматы облысындағы өткізу пункті арқылы Қытайдан 21 адам эвакуацияланды

0

Алматы облысындағы өткізу пункті арқылы Қытайдан 21 адам эвакуацияланды деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі.

«Қытайдан Қазақстанның 21 азаматы эвакуацияланды. 20 азамат Гуанчжоу және Құлжада болған, олар Панфилов ауданындағы «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы шекарадан кесіп өтті. Тепловизор арқылы тексерген кезде екі азаматтан дене қызуы байқалды (37,5). Олар бірден Панфилов аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің бокс палатасына жатқызылды. Дәрігерлер олардан сынақ үлгілерін алды. Бұған қоса, автобустағы 19 адам обсервациялық ауруханаға орналасты» делінген хабарламада.

28 қаңтарда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қытайдан келген бес адамның жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) күдігімен ауруханаға түскенін хабарлаған. Кейінірек Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір науқастан коронавирус табылмағанын айтты. Көкшетау облыстық балалар ауруханасына түскен екі баладан да вирус табылмады.

Қазақстан Қытайда тараған коронавирусқа байланысты осы елдің азаматтарына виза беруді шектеген.

Қытайда коронавирус жұқпалы ауруынан өлгендер саны соңғы деректер бойынша 132 адамға жетіп, 5974 адамның жұқтырғаны анықталды. Әлем елдерінің біразы халқын Қытайға барудан тартына тұруға шақырып жатыр.

Коронавирусты жұқтырған адамдар Германия, Шри-Ланка,Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралияда кезіккен.

Оқи отырыңыз: «Қытайдан келген 4 адам ауруханаға жатқызылды»

Azattyq