Қытайдан келген тағы алты адам ауруханаға жатқызылды
Қысқа сілтеме алу
Бұған дейін денсаулық министрі респираторлық вирус белгілері бар төрт адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған еді, олардың барлығы Қытайдан келген
НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин тағы алты адамның ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Таңертеңгі ақпарат бойынша 4 адам ауруханаға жатқызылған болатын. Осы уақытқа дейін Алматыда екеуі үйіне жіберілді. Алайда жаңа ғана қосымша ақпарат түсті. Алматыда бір адам, ал Ақмола облысында отбасы мүшелері ауруханаға жеткізілді. Барлығы Қытайдан келген және өткір респираторлық вирусты инфекциясы бар», — деді Бекшин.
Оның айтуынша, Ақмола облысындағы отбасыда бес адам бар. Екі бала жоғары температурамен жатқызылды.
«Үлкендерде аурудың белгілері жоқ. Алайда балалармен бірге болғаннан кейін олар да ауруханаға жатқызылды», — деп атап көрсетті Бекшин.
Бас санитар 6 қаңтардан кейін Қытайдан келген барлық қазақстандықтың анықталғанын айтты. Олармен дәрігерлер арқылы байланыс орнатылған.
Тағы оқыңыз: «Қорқынышты»: Қазақстан студенттері Уханьда не боп жатқанын айтты — видео
«Қытай Халық Республикасынан келген барлық азаматтан емханаға тіркеліп, 14 күнге тұрақты бақылауға тұруларыңызды сұраймыз. Әсіресе, дене температурасы бар адамдар бірден хабарласуы қажет», — дейді Бекшин.
Қытайдағы коронавирус
Желтоқсан айының соңында Қытайдың Ухань қаласында белгісіз пневмония туралы ақпараттар жарияланды. Кейін билік аурудың қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі — 2019-nCoV екенін анықтады. Ол адамнан адамға жұғады. Вирус Ухань қаласынан Қытайдың басқа өңірлеріне, кейін өзге елдерге де жылдам тарап кетті.
Әзірге коронавирустан вакцина жоқ. Аурудың белгілері: жоғары температура, жөтел, тыныс алудың қиындауы. Cоңғы мәліметтер бойынша коронавирустан 100-ден астам адам көз жұмған.
sputniknews.kz