Киев соты Украинадан баспана сұраған Жанар Ахметованың шағымын қарауды кейінге қалдырды

0

Киев соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Аблязовтың жақын серігі, Қазақстанға экстрадицияланудан қауіптеніп Украинадан қатарынан үшінші жыл саяси баспана сұрап жүрген қазақстандық белсенді Жанар Ахметованың шағымын қарауды 18 ақпанға қалдырды.

Сот залынан шыққан соң «Настоящее время» тілшісіне жауап берген Жанар Ахметова «сот процесінің бағытынан күдіктенетін» білдірді.

– Судьяның Мұхтар Аблязовтың саясаткер екеніне күдікпен қарайтыны анық естілді. Украина миграция қызметінің «Мұхтар Аблязов Қазақстанда қылмыстық іске тартылған» дейтін уәжіне ұқсас сөздер айтылды. Украина миграция қызметі Жоғарғы Раданың депутаты Марина Бардинаның сұрағана берген жауабында «Жанара Ахметова Киевте адамдарды жалдап, өзін оппозиция өкілі деп көрсеткісі келеді, шындығында олар жалған оппозиция» деген сөзі бар болатын. Қазақстан баспасөзі мен билігі Батысқа ҚДТ мен оның басшылығын теріс сипаттап жүргенін білемін. Бүгінгі сотта осыған ұқсас жайттардың сөз бола қалуынан күдіктенемін,-дейді ол.

Жанар Ахметова ісі бойынша алғашқы сот отырысы 14 қаңтарда өткен.

Апелляциялық әкімшілік сот «Ахметова саяси баспана беру туралы Украинаның мемлекеттік миграция қызметіне қайтадан өтініш бере ала ма, жоқ па» деген мәселені шешуі тиіс. Ахметованың адвокаты Владислав Грищенко соттың бірінші отырысы қарсаңында «сот миграция қызметінің шешімін заңды деп санайтын болса, Украинаның бас прокуратурасы оны Қазақстанға экстрадициялауға кірісуі мүмкін» деп мәлімдеді.

Жанар Ахметованы экстрадициялау процесі Украинада 2017 жылы қазан айында басталған. Ахметованы Киевте ұстап, Қазақстанның халықаралық іздеу салуына байланысты қамауға алған. Сол жылы қарашада Украина Жоғарғы Радасының депутаты Светлана Залещуктің кепілдігімен бостандыққа шыққан. Онан бері Ахметова Украинадан босқын мәртебесін алуға бірнеше рет талпынды.

Жанар Ахметова Қазақстаннан қашқанға дейін түрмеден шартты жазамен босатылып, пробациялық бақылауда жүрген еді. Оны 2009 жылы «алаяқтық жасады» деген айыппен Қазақстанда соттаған. Ахметова өзіне қарсы қозғалған істі ойдан шығарылған деп санайды. Ол Украинада жүріп әлеуметтік желіде Қазақстан басшылығы жайлы сыни посттар жазды, Қазақстанда қуғындалған белсенділерді қолдау акцияларына қатысты.

Жанар Ахметованы экстрадициялауға қарсылық білдіріп шыққан Алматы қаласының кем дегенде төрт белсендісін 11 қаңтарда 15 тәулікке қамап, тағы бірнеше белсендіге айыппұл салған еді.

Онан бұрын Ахметова Facebook’тегі эфирінде «мені қолдап шыққан 14 адам сотталды» деп мәлімдеп, 8 қаңтардағы акцияға қатысқан тағы да үш адам уақытша қамау орнында отырғанын хабарлаған.

Жанар Ахметованы «16/12» ақпарат арнасының бас редакторы және Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп санайтын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жетекшілерінің бірі деп атайды. Бұл қозғалыстың құрған, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир және Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Аблязов «ҚДТ – эктремистік ұйым» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропа парламенті 2019 жылы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт опппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз