Air Astana Ирак пен Иранның әуе кеңістігі арқылы ұшпайтын болды
Air Astana әуе компаниясы Иран мен Ирактың әуе кеңістігі арқылы ұшпайтын болды деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. Компания таратқан хабарламада Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға қатынайтын ұшақ бағытының өзгергені, Ирак пен Иранның төбесінен ұшпайтыны айтылған. Соның салдарынан ұшу уақыты сәл ұзарған.
«Ұшу уақыты Алматы мен Дубай — 20 минут, Дубай мен Алматы — 10 минут, Нұр-Сұлтан мен Дубай арасы — 55 минут, Дубай мен Нұр-Сұлтан — 35 минутқа ұзарды» делінген сәрсенбі күні тараған компания хабарламасында.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бұған дейін SCAT әуе компаниясы да осыған ұқсас шешім қабылдаған. Ал Қазақстанның азаматтық авиация комитеті 8 қаңтар күнгі жағдай бойынша Иран мен Таяу Шығыс елдерінің әуе кеңестігінен ұшуға тыйым салынбағанын хабарлады.
Сәрсенбі, 8 қаңтарда Тегеран әуежайы маңында «Украина халықаралық әуе желісі» компаниясына тиесілі Boeing 737-800 жолаушы ұшағы құлап, 176 адам: 167 жолаушы және 9 экипаж мүшесі қаза болған. Ұшақтың «техникалық мәселелерге» байланысты құлағаны айтылады.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қаза болғандар арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады. Ұшақтағы жолаушылардың басым бөлігі Иран және Канада азаматтары екені айтылады.